Елдос Сайдалин: Мақсатымыз – Азия ойындарында әйелдер боксынан алтын жүлде алу
Бокстан Қазақстанның әйелдер құрамасы Жазғы Азия ойындарына тыңғылықты дайындалып жатыр. Осы орайда бас бапкер Елдос Сайдалин алдағы ірі доданың алдында Elordainfo.kz тілшісінің сұрақтарына жауап беріп, жаттығу үдерісне қатысты өз ойымен бөлісті.
– Өткен айда АҚШ-тан оралып, енді Алматы облысында кезекті оқу-жаттығу жиынын өткіздіңіздер. Сіздер үшін қалай өтті?
– 16-30 тамыз аралығында өткен оқу-жаттығу жиынымыз қыздарымыздың физикалық көрсеткішін шыңдауға бағытталды. Барлығы жоспардағыдай өтті. Енді 8 қыркүйекте бірлескен оқу-жаттығу жиынына қатысу үшін, Жапонияға аттанамыз. Ол жаққа Жазғы Азия ойындарына қатысатын бес аруымыз және құрамадағы тағы 15 қызымыз барады.
Неге мұндай шешім қабылдадық? Біріншіден, әйелдер арасында ұйымдастырылатын жарыстар өте аз. Сондықтан осы мүмкіндік арқылы әр салмақтағы төрт спортшының да тәжірибе жинауына жағдай жасағымыз келеді. Екіншіден, Азия ойындарына қатысатын боксшыларымызға да дайындық барысында көмек қажет.
– Сіздердің оқу-жаттығуларыңыз ерлер құрамасымен тұспа-тұс келді. Арасында олармен бірге дайындалдыңыздар ма?
– Иә. Нұржан Насановпен алдын ала сөйлесіп, жұптық жаттығулар кезінде бір-екі қызымызды біртіндеп спаррингке қоссақ деген ұсыныс айттық. Себебі, ерлер боксы өте жылдам әрі физикалық күшке негізделеді. Дәл осы қырлары қыздарымызға да ауадай қажет деп санаймыз. Мұндай тәжірибенің пайдасы тиетініне сенімдімін. АҚШ-тағы оқу-жаттығу кезінде де осы тәсілді қолданған болатынбыз. Маған ұнады.
– Сіздер Жапонияға бір салмақтан төрт боксшы апаруды жоспарлап отырсыздар. Мұндай жағдай бірінші рет тіркеліп отыр ма?
– Бұған дейін әр салмақта бір-екі қызды апарған кездер болды. Бірақ бір салмақта төрт спортшының баруы – алғаш рет.
– Жазғы Азия ойындарына баратын құрамдағы төрт боксшының әлем чемпионы деген атағы бар. 60 келідегі Виктория Графеева да әлем чемпионатының финалисі саналады әрі биыл екі әлем кубогында топ жарды. Жүлде бойынша қандай жоспар қойып отырсыздар?
– Жазғы Азия ойындарының бағдарламасына әйелдер боксы 2010 жылы енгізілді. Содан бері елімізде әлі күнге дейін чемпион шыққан жоқ. Сондықтан мақсатымыз – алтын жүлде алу. Жоспарымыз жоғары. Азия ойындарында тарихты жаңғыртсақ дейміз. Барлығын алдағы уақытта көре жатарсыздар. Бастысы рингке кім шықса да, әр қарсыласқа дайын болуға тиіспіз.
– 2023 жылғы Азия ойындарымен салыстырсақ, салмақ дәрежелері жағынан біршама өзгеріс бар ғой?
– Иә. Үш жыл бұрын Ханчжоуда әйелдер арасында алты жүлде жиынтығы сарапқа салынған еді. Сол кезеңмен салыстырсақ, 57 келі салмақ дәрежесі алынып тасталды. Сондай-ақ Лос-Анджелес Олимпиадасының бағдарламасына кіретін 70 келі де бұл жолы жоқ. Салдарынан 70 келіде әлем чемпионы атанған Наталья Богданова уақытша 75 келі салмаққа көтерілуге мәжбүр.