Елімізде жыл басынан бері 12 донордан 39 трансплантация жасалды

Елімізде жыл басынан бері 12 донордан 39 трансплантация жасалды
Фото: pexels.com

2026 жылы Қазақстанда қайтыс болғаннан кейінгі 12 донордан ағзаларды трансплантаттау бойынша 39 операция жасалды. Бұл туралы Астанада өткен трансплант-үйлестірушілердің республикалық конференциясында айтылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бүгінде елімізде донорлық пен трансплантация жүйесінің жұмысын 20 өңірлік және 29 стационарлық трансплант-үйлестіруші қамтамасыз етеді. Олардың кәсіби біліктілігін арттыру, тәжірибе алмасу және өңірлер арасындағы өзара іс-қимылды жетілдіру саланы дамытудың маңызды бағыттарының бірі саналады.

Мамандардың айтуынша, қайтыс болғаннан кейінгі донорлықты дамытуда ми өлімін дұрыс диагностикалау, медициналық командалардың үйлесімді жұмысы және әлеуетті донорлардың отбасыларымен тиімді коммуникация орнату маңызды.

Осы мәселелер Астанада өткен трансплант-үйлестірушілердің жыл сайынғы республикалық конференциясында талқыланды. Іс-шараны өңір мамандарына кураторлық сүйемелдеу көрсету аясында Трансплантаттау және жоғары технологиялық медициналық қызметтерді үйлестіру жөніндегі республикалық орталық ұйымдастырды.

Конференция барысында трансплант-үйлестірушілердің коммуникациялық және психологиялық жұмысына да ерекше назар аударылды. Медицина, психология және коммуникациялар саласының мамандары практикалық кейстер мен өңірлерде қолдануға болатын жұмыс тәсілдерін ұсынды.

«Жыл сайынғы конференция трансплант-үйлестірушілердің жұмысында бірыңғай кәсіби тәсілді қалыптастыруға, практикалық тәжірибе алмасуға және өңірлерде туындайтын мәселелерді уақтылы талқылауға мүмкіндік береді. Бұл – донорлық пен трансплантаттауды дамыту бойынша жүйелі жұмысымыздың маңызды бөлігі», – деді Трансплантаттауды үйлестіру жөніндегі республикалық орталықтың директоры Айдар Ситказинов.

Конференция трансплант-үйлестірушілердің кәсіби дамуы мен өңірлер арасындағы өзара іс-қимылды күшейтуге бағытталды. Бұл бағыттағы жұмыс Қазақстандағы донорлық пен трансплантацияның ұлттық жүйесін одан әрі жетілдіруге мүмкіндік береді.

Бұдан бұрын елімізде 16 мыңнан астам адам қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа келісім бергенін жаздық.