Елімізде 16 мыңнан астам адам қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа келісім берген
Қазақстанда соңғы үш жылда қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа келісім берген азаматтар саны тұрақты түрде артып келеді. Бұл туралы ҚР ДСМ Трансплантаттау және жоғары технологиялық медициналық қызметтерді үйлестіру жөніндегі республикалық орталықтың директоры Айдар Ситказинов ОКҚ алаңында өткен дөңгелек үстелде мәлімдеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Егер 2023 жылы мұндай келісімді шамамен 4,8 мың адам берсе, биылғы бірінші жартыжылдық қорытындысы бойынша олардың саны 16,1 мыңға жетті. Сонымен қатар бас тартқандар саны да 33 мыңнан 156 мыңға дейін өсті. Қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа келісім беру немесе одан бас тарту туралы шешімді әр азамат өз бетімен қабылдайды.
2026 жылғы 21 мамырдағы жағдай бойынша трансплантацияны күту тізімінде 4 739 пациент, оның ішінде 125 бала тіркелген. Олардың басым бөлігіне бүйрек, бауыр, жүрек немесе өкпе трансплантациясы қажет.
Күту тізіміндегі азаматтардың шамамен 80%-ын гемодиализ қабылдап жүрген бүйрек ауруының терминалдық сатысындағы пациенттер құрайды.
Күту тізіміне енгізу туралы шешімді трансплантаттау орталықтары немесе денсаулық сақтау басқармалары жанындағы мультидисциплинарлық комиссиялар қабылдайды. Одан кейін мәліметтер Трансплантаттауды үйлестіру жөніндегі республикалық орталыққа жолданады. Кейін пациентке тірі донордан да, қайтыс болғаннан кейінгі донордан да ағза трансплантациясы жасалуы мүмкін.
Айдар Ситказинов донорлық пен трансплантация мәселелері бойынша халықты ақпараттандыру бағытындағы жұмыстар туралы да айтып өтті.
Оның хабарлауынша, Орталық журналистерге арналған семинарларды тұрақты түрде өткізіп, үкіметтік емес ұйымдармен ынтымақтастық орнатады, ақпараттық бейнероликтер, медиа-жобалар мен деректі фильмдер әзірлейді. Сонымен қатар діни конфессиялар өкілдерімен өзара іс-қимылға ерекше назар аударылады.
«2024 және 2025 жылдары Қазақстан мұсылмандары діни басқармасымен кездесулер өтті. Онда қайтыс болғаннан кейінгі донорлық мәселесі көтерілді. Біз үшін үкіметтік емес ұйымдармен жүргізілетін жұмыс та өте маңызды. Дөңгелек үстелдер өткізіп, өзіміз де сөз сөйлеп, донорлық туралы ақпарат береміз, ақпараттық бейнероликтер дайындаймыз», – деді Айдар Ситказинов.
Еске сала кетейік, «4739» фильмінен соң Аида Балаева қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа келісім беретінін мәлімдеді.