Көкжөтел: аурудан қорғану үшін не істеу керек

Көкжөтел: аурудан қорғану үшін не істеу керек
Фото: ЖИ

Көкжөтел – тыныс алу жолдарын зақымдайтын жедел жұқпалы ауру. Ол ұзақ уақытқа созылатын ұстамалы жөтелмен сипатталады және әсіресе, нәрестелер мен ерте жастағы балалар үшін қауіпті, деп хабарлайды Elordainfo.kz ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетіне сілтеме жасап.

Көкжөтел қоздырғышы ауа-тамшы жолы арқылы таралады. Науқас адам жөтелгенде, түшкіргенде немесе онымен тығыз қарым-қатынаста болған кезде инфекция жұғуы мүмкін.

Инфекцияның таралуын болдырмау үшін науқас адамның басқа адамдармен байланысын шектеу, бөлмені үнемі желдету, қол гигиенасын сақтау және жөтелу әдебін ұстану маңызды.

Мамандар ұзақ уақытқа созылған жөтел кезінде дәрігерге қаралуға кеңес береді.

«Көкжөтелдің алдын алудың негізгі тәсілдерінің бірі – уақтылы вакцинация. Екпе аурудың пайда болу қаупін және оның ауыр түрде өту ықтималдығын төмендетуге көмектеседі.

Вакцинация баланың өзін қорғап қана қоймай, инфекцияның таралуын, әсіресе, ауруға осал балалар арасында жұғу қаупін азайтуға ықпал етеді», – деді Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінен.

Бұған дейін қызылшадан қалай қорғануға болатыны туралы жаздық.