Қазақстан әлемдегі ең бейбіт елдер рейтингінде ТОП-50-ге енді
Қазақстан жаһандық бейбітшілік деңгейін бағалайтын Global Peace Index-2026 рейтингінде 44-орынға жайғасты. Елдің индексі 1,771 балл болып, бұл 2008 жылдан бергі ең үздік нәтиже болды, деп хабарлайды Elordainfo.kz energyprom.kz-ке сілтеме жасап.
Жаһандық бейбітшілік деңгейі қатарынан 12 жыл төмендеп келеді. Соңғы бір жылда 163 ел мен аумақтың 99-ында көрсеткіш нашарлап, 62-сінде жақсарған. Қазір 119 елдің бейбітшілік деңгейі 2008 жылмен салыстырғанда төмен.
Global Peace Index-ті (GPI) халықаралық Institute for Economics & Peace сараптамалық орталығы жыл сайын жариялайды. 2026 жылғы есеп рейтингтің 20-шы шығарылымы болды. Зерттеуге әлем халқының 99,7 пайызын қамтитын 163 ел мен аумақ енген. Бағалау қоғам қауіпсіздігі, ішкі және халықаралық қақтығыстар, милитаризация сияқты үш негізгі бағыт бойынша 23 сандық және сапалық көрсеткіш негізінде жүргізіледі.
Рейтингте көрсеткіш неғұрлым төмен болса, елдегі бейбітшілік деңгейі соғұрлым жоғары саналады.
2026 жылғы рейтингте Исландия 1,161 баллмен әлемдегі ең бейбіт ел атанды. Ол бұл позицияны 19 жыл қатарынан сақтап келеді. Алғашқы үштікте Жаңа Зеландия (1,343) мен Швейцария (1,363) бар. Үздік ондыққа Словения, Ирландия, Аустрия, Португалия, Сингапур, Финляндия және Жапония кірді.
Рейтингтің соңғы орындарында негізінен ірі қарулы қақтығыстар жүріп жатқан мемлекеттер орналасқан. 163-орында Ресей (3,367 балл), одан кейін Судан (3,195), Конго Демократиялық Республикасы (3,189), Украина (3,184) және Израиль (3,124) тұр. Ресей GPI тарихында алғаш рет рейтингтің соңғы сатысына түсті.
Қазақстан Орталық Азияда екінші орында
Орталық Азия елдерінің ішінде ең жоғары нәтижені Өзбекстан көрсетті. Ол 1,726 баллмен әлемде 37-орынға жайғасты. Қазақстан 1,771 баллмен 44-орында, Тәжікстан 1,799 баллмен 47-орында, Қырғызстан 1,853 баллмен 61-орында, Түрікменстан 1,903 баллмен 66-орында тұр.
GPI бағалауынша, Орталық Азияның барлық бес елі бейбітшілік деңгейі жоғары мемлекеттер тобына кіреді. Үш ел – Өзбекстан, Қазақстан және Тәжікстан әлемдік рейтингтің ТОП-50 тізіміне енді.
Өткен жылмен салыстырғанда Қазақстан мен Өзбекстанның көрсеткіші жақсарған. Қазақстанның индексі 2025 жылғы 1,791 балдан биыл 1,771 балға төмендеді. Өзбекстанда бұл көрсеткіш 1,781-ден 1,726 балға жақсарған.
Ал Тәжікстан, Қырғызстан және Түрікменстанда, керісінше, көрсеткіш нашарлаған. Олардың былтырғы индексі тиісінше 1,749, 1,812 және 1,859 балл болған.
Қазақстан рейтингте Уругвай мен Румынияның ортасында орналасқан. Сондай-ақ еліміз Солтүстік Македония, Босния және Герцеговина, Армения, Грекия және Оңтүстік Кореядан жоғары тұр.

Қазақстанның биылғы көрсеткіші 2008 жылдан бергі ең үздік нәтиже саналады. Еліміз осы көрсеткіш бойынша екінші жыл қатарынан өзінің үздік нәтижесін жаңартып отыр: 2024 жылы индекс 1,867 балл болса, 2025 жылы 1,791 балға дейін төмендеген.
Орталық Азия жаһандық үрдіске қарсы бағытта
GPI деректеріне сәйкес, Шығыс Еуропа мен Орталық Азия жаһандық сегіз өңірдің ішінде бейбітшілік деңгейі жақсарған бірегей өңірлер болды. Қалған жеті өңірде көрсеткіш төмендеген, Оңтүстік Азияда нашарлау байқалды.
Соңғы он жылда Орталық Азияның барлық елінде бейбітшілік деңгейі жақсарған. 2016 жылы Қазақстанның GPI көрсеткіші 1,883 балл болған. Осы кезеңде ең айқын оң өзгеріс Өзбекстан мен Тәжікстанда тіркелген.
Жалпы, Global Peace Index деректері Орталық Азия елдерінің әлемдегі шиеленістің өсуіне қарамастан, бейбітшілік деңгейі бойынша салыстырмалы түрде жоғары позицияда қалып отырғанын көрсетеді. Алайда көрсеткіштердің жыл сайын құбылып отыруы өңірдегі оң динамиканың біркелкі емес екенін аңғартады.
Бұдан бұрын Қазақстан Орталық Азия елдері арасында әл-ауқат индексінде көш бастағаны хабарланды.