«Түрлі тіл – ортақ мақсат»: Астанада тілдер күніне арналған фестиваль өтті
Астанадағы №2 көпбейінді қалалық ауруханада Қазақстан халқының тілдері күніне орай «Түрлі тіл – ортақ мақсат. Ақ халат бізді біріктіреді» атты ұлттық мәдениеттер фестивалі өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Фестивальдің мақсаты – Қазақстандағы түрлі этнос өкілдерінің тілдері мен мәдениетіне құрметті арттырып, ұлттық дәстүрлерді насихаттау және көпұлтты ұжымдағы татулықты нығайту.

Іс-шара барысында аурухана қызметкерлері қазақ, орыс, түрік, өзбек, татар, дүнген, қырғыз, шешен, араб, грузин және кәріс халықтарының мәдениетін таныстырды. Қатысушылар ұлттық тағамдар ұсынып, ән мен би орындап, салт-дәстүрлерін көрсетті.

Фестиваль аясында қазақ халқының ұлттық дәстүрлерінің бірі – тұсаукесер рәсімі де ұйымдастырылды. Сәбидің тұсауын аурухана директоры Нұрбол Тұрсынбаев пен «Elorda Aqparat» медиахолдингінің директоры Олжас Сыдықбек кесті.

Шараның ашылуында аурухана директоры Нұрбол Тұрсынбаев тіл мен мәдениеттің қоғамды біріктірудегі маңызына тоқталды.
«Бүгінде медицина саласында түрлі ұлт пен мәдениеттің өкілдері бір мақсат жолында еңбек етіп келеді. Олардың барлығын біріктіретін ең басты құндылық – адам өмірі мен адам денсаулығы», – деді ол.

Айта кетейік, Қазақстан халқының тілдері күні жыл сайын 5 қыркүйекте аталып өтеді. Бұл дата ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күнімен сабақтас. Мереке еліміздегі тілдер мен мәдениеттердің алуан түрлілігін дәріптеп, өзара құрмет пен бірлікті нығайтуға бағытталған.
Фестиваль соңында ұлттық мәдениет пен өнерді таныстырған қатысушыларға дипломдар табысталды.
