Жеңіс Қасымбек: Астанада жаңа жолдар мен жол айрықтарын салу жұмыстары жалғасып жатыр

Бүгін, 18:34
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Жеңіс Қасымбек: Астанада жаңа жолдар мен жол айрықтарын салу жұмыстары жалғасып жатыр
Фото: instagram.com/jenis_qasymbek

Астанада жол-көлік инфрақұрылымын кешенді дамыту жұмыстары жалғасып жатыр. Биыл жалпы ұзындығы шамамен 60 шақырым болатын 50-ге жуық көшеде жөндеу жүргізіледі. Сонымен қатар қалада жаңа жолдар мен жол айрықтарының құрылысы қатар жүргізілуде. Бұл туралы Астана әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында жазды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Қаладағы жол инфрақұрылымын дамыту жұмыстары көлік қозғалысын жеңілдетіп, автомобиль көп қатынайтын негізгі жолдардағы жүктемені азайтуға бағытталған.

Астана әкімі қаланы аралау барысында бірқатар нысанға барды.

«Биыл жалпы ұзындығы шамамен 60 шақырым болатын 50-ге жуық көшеде жөндеу жұмысын жүргіземіз. Жаңа жолдар мен жол айрықтарын салу жұмысы қатар жүріп жатыр. Бұл қаладағы көлік қозғалысын жеңілдетіп, автомобиль көп қатынайтын жолдардағы жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.

Ә.Жангелдин көшесінің құрылысы К.Күмісбеков пен Ш.Бейсекова көшелерін байланыстырып, №65 мектеп-гимназиясына, техникалық колледжге және «Білім-Инновация» лицей-интернатына қатынауды жеңілдетеді. Қазір инженерлік желілерді жүргізу және жол төсемін салу жұмысы жүріп жатыр», – деді Жеңіс Қасымбек.

Сонымен қатар С.Нұрмағамбетов көшесін Ш.Қалдаяқов көшесінен Райымбек батыр көшесіне дейін салу жұмыстары жалғасуда. Жоба көшені одан әрі дамытып, іргелес аумақтағы көлік қозғалысын жақсартуға және LRT станциясына қатынауды жеңілдетуге мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта жол төсемін төсеу жұмыстары жүргізілуде.

Е67 және Е68 көшелерін Төле би көшесінен Ә.Бектұров көшесіне дейін салу жобасы да іске асырылып жатыр. Аталған жолдар Төле би мен Ә.Бектұров көшелері арасындағы көлік қатынасын жақсартып, жақын орналасқан тұрғын үй кешендеріне қатынауды жеңілдетеді. Қазір Е68 көшесінде жол төсемін төсеу жұмыстары жүргізілуде.

Қала әкімінің айтуынша, «Пригородный» елді мекенінде Местная-7 және Е522 көшелерінің құрылысы да қолға алынған. Жоба елді мекендегі көлік қозғалысын жақсартып, салынып жатқан жайлы мектеп пен тұрғын үйлерге қатынауды қамтамасыз етуге бағытталған. Қазіргі уақытта Е522 көшесінде инженерлік желілерді жүргізу және жол төсемін төсеу жұмыстары жүріп жатыр.

Бұдан бөлек, Мәңгілік Ел даңғылы, 40А мекенжайынан Ә. Бөкейхан көшесіне дейін («Сапфир» ТК) жаңа көше салынуда. Жаңа жол Мәңгілік Ел даңғылы мен Ә. Бөкейхан көшесі арасындағы көлік қозғалысын қамтамасыз етіп, «Сапфир», «Көркем-4» және «Күмбел» тұрғын үй кешендеріне қатынауды жақсартуға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта мұнда инженерлік желілер жүргізіліп жатыр.

«Жол құрылысы мен жөндеу жұмыстары елорданың барлық ауданында жүргізілуде. Мердігер ұйымдарға құрылыс жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтап, олардың сапасын тиісті деңгейде қамтамасыз ету тапсырылды», - деді әкім.