Аян Досыманов: Тазы қазақтың ұлттық брендіне айналуы керек

Аян Досыманов: Тазы қазақтың ұлттық брендіне айналуы керек
Фото: Аян Досымановтың жеке мұрағатынан

3 қыркүйек – Қазақы тазы күніне орай Астана маңындағы Арайлы ауылында тұратын тазы жанашыры, тазы өсіруші Аян Досыманов Elordainfo.kz тілшісіне қазақы тазының ерекшелігі, оны сақтаудың маңызы және ұлттық ит тұқымының болашағы туралы айтты.

– Аян Манарбекұлы, тазы өсірумен айналысқаныңызға қанша жыл болды? Бұл кәсіпке қызығушылығыңыз неден басталды?

– Тазы өсірумен айналысып келе жатқаныма 15 жылдай болды. Бұл іске қазақтың ұлттық салт-дәстүріне және тазының ерекше қасиеттеріне деген құрметім себеп болды.

– Қазақы тазының басты ерекшелігі неде?

– Тазының ең басты ерекшелігі – оның жүйріктігі, төзімділігі, ептілігі және аңшылық қабілеті. Сонымен қатар сыртқы бітімінің де өзіндік ерекшелігі бар. Осы қасиеттерінің барлығы қазақы тазыны ерекше тұқым етеді.

– Жақсы тазыны күшік кезінен-ақ тануға бола ма? Оны таңдағанда қандай белгілеріне мән бересіз?

– Иә, жақсы тазыны шамамен үш айлығында-ақ тануға болады. Ол үшін аяғының ұзындығына, дене бітіміне, басына, қимыл-қозғалысына және белсенділігіне қараймыз. Дегенмен ең маңыздысы – тұқымының тазалығы мен арғы тегі.

– Соңғы жылдары қазақы тазыға деген қызығушылық қалай өзгерді? Жастардың арасында тазы ұстауға қызығушылық бар ма?

– Тазыға деген қызығушылық жылдан-жылға артып келеді. Қазір ұлттық ит тұқымдарын сақтауға және тазы ұстауға ниетті жастардың да көбейіп келе жатқанын өз көзіммен көріп жүрмін. Бұл – қуантарлық жағдай.

– Тазы тұқымын сақтауда бүгінгі таңда ең өзекті мәселе қандай?

– Ең негізгі мәселе – тұқым тазалығын сақтау. Одан кейін асылдандыру жұмысына жауапкершілікпен қарау керек. Кездейсоқ будандастыруға жол беруге болмайды. Өйткені бұл – тұқымның болашағына тікелей әсер ететін жауапты жұмыс.

– Асылдандыру кезінде қандай қасиеттерге басымдық берілуі керек?

– Тазыны асылдандыру кезінде оның сыртқы бітімімен қатар, мінезі мен аңшылық қасиеттерін де ескеру қажет. Тек сыртқы келбетіне қарап таңдау дұрыс емес. Тұқымға тән қасиеттердің сақталуы маңызды.

– Өзіңіз өсірген тазылардың ішінде ерекше есте қалғаны бар ма?

– Әр тазымның өз ерекшелігі бар. Дегенмен маған ерекше әсер қалдырғаны – өте ширақ, төзімді әрі иесіне берік бір тазым болды. Ол осыдан үш жыл бұрын жоғалып кетті. Қазірге дейін қайда кеткенін білмеймін: мүмкін көз тиген шығар, мүмкін біреу алып кеткен болар. Бірақ ол менің ең мықты жүйрік тазыларымның бірі еді.

– Қазақы тазының болашағын қалай елестетесіз? Алдағы 5-10 жылда оның қандай деңгейге жеткенін қалар едіңіз?

– Тазының болашағы керемет деп ойлаймын. Алдағы 5-10 жылда қазақы тазының тұқым тазалығы сақталып, әлемге танылған ұлттық бренд деңгейіне жеткенін қалаймын.

– Сұхбатыңызға рақмет!