Елімізде базалық мөлшерлеме төмендеді

Елімізде базалық мөлшерлеме төмендеді
Фото: Оңалхан Өнерхан

ҚР Ұлттық банкінің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені жылдық 16,25% деңгейінде белгілеу туралы шешім қабылдады. Бұл шешім болжам раунды нәтижелеріне, негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер мен инфляция тәуекелдері балансының жаңартылған бағалауына сүйенеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ұлттық банктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ұлттық банктің мәлімдеуінше, жылдық инфляцияның қарқыны биылғы тамызда 9,8%-ға дейін баяулады. Дезинфляциялық процес 11 ай қатарынан жалғасып келеді.

«Азық-түлік инфляциясы 9,5%-ға дейін төмендеді. Оған жеміс-жидек пен көкөністің айтарлықтай арзандағаны мен импорттық тауар бағасының төмендегені әсер етті.

Азық-түлікке жатпайтын инфляция қарқыны теңге бағамының нығаюы аясында 11,4%-ға дейін баяулады.

Сервистік инфляция реттелмейтін қызметтер бағасының өсу қарқыны біршама баяулағандықтан 8,9%-ға дейін төмендеді.

Айлық инфляция тамызда 0,6% (шілдеде 0,6%), маусымдық факторлар ескерілмегенде0,9% (шілдеде 0,7%) болды.

Базалық инфляция 0,7% деңгейінде сақталды», делінген хабарламада.

Ұлттық банк мәліметінше, халықтың алдағы бір жылға инфляцияны күтуі шілдеде 12,1% (маусымда 13,4%) болды. Себебі ҚҚС артуына, ТКШ тарифтері мен азық-түлік бағасының өсуіне байланысты алаңдаушылық сейіле бастады. Бұл ретте алаңдауға жанар-жағармай бағасының өсу факторының ықпалы күшейді. Нарықтағы кәсіби қатысушылардың 2026 жылдың соңына күтуі 10% деңгейінде сақталып отыр.

Ұлттық банктің базалық мөлшерлеме бойынша кезекті шешімі 23 қазанда Астана уақытымен сағат 12:00-де жарияланады.

Еске сала кетсек, маусым айындағы базалық мөлшерлеме 17% деңгейінде белгіленді.