Базалық мөлшерлеме 17%-ға дейін төмендетілді
ҚР Ұлттық банкінің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені +/- 1 п.т. дәлізімен жылдық 17% деңгейінде белгілеу туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Ұлттық банктің мәліметінше, бұл шешім кезекті болжамды раундтың нәтижесіне, негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер мен инфляция тәуекелдері теңгерімінің жаңартылған бағалауына сүйеніп қабылданды.
«Жылдық инфляцияның баяулау үрдісі жалғасып келеді. Былтыр қыркүйектегі ең жоғары мән – 12,9%-дан 2,5 пайыздық тармаққа төмендеп, биылғы мамыр айының қорытындысы бойынша 10,4% болды. Азық-түлік инфляциясы 10,7%-ға дейін төмендеді. Бұған жеміс-жидек пен көкөніс, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауар мен жекелеген импорт тауарының бағасы өсімінің баяулауы себеп болды.
Мамыр айында айлық инфляция 0,7%-ға дейін баяулады (сәуірде – 0,8%). Базалық және маусымдық факторлар ескерілмеген инфляция да 0,7%-ға дейін төмендеді. 2026 жылға арналған инфляция болжамы қайта қаралып, 9-11%-ға дейін (бұған дейін 9,5-11,5%) төмендетілді. Бұған баға өсімінің іс жүзінде тез баяулауы, ҚҚС көтерілуінің бағаға шектеулі әсері, сондай-ақ теңге бағамының нығаюы бірден-бір себеп болды», делінген хабарламада.
Болжам бойынша, 2027 жылы инфляция 5,5-7,5%-ға дейін баяулайды, ал 2028 жылы 5%-дық нысаналы көрсеткішке дейін тұрақтанады.
Шешім қабылдауға себеп болған факторлар мен болжамдар туралы толық ақпарат 10 маусымда Ұлттық банктің сайтында жарияланатын Ақша-кредит саясаты туралы баяндамада беріледі. Базалық мөлшерлеме бойынша кезекті жоспарлы шешім 24 шілдеде сағат 12:00-де жарияланады.