Президент Әлібек Қуантыровқа үш мегаполисте қалдықты энергетикалық кәдеге жарататын зауыт салуды тапсырды

Президент Әлібек Қуантыровқа үш мегаполисте қалдықты энергетикалық кәдеге жарататын зауыт салуды тапсырды
Фото: Астана қаласы әкімдігі

Мемлекет басшысы Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыровты қабылдады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кездесуде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев министрліктің негізгі міндеттерін айқындап, орман қорын қалпына келтіру жұмысын жалғастыруды, ұлттық парктер инфрақұрылымын дамытуды, қалдықтарды өңдеу есебінен тұйық циклді экономика қалыптастыруды тапсырды.

Астана, Алматы және Шымкент қалаларында қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарататын зауыт салып, бұл істі басқа өңірлерде де жалғастыру келешегіне ерекше назар аударылды.

Сондай-ақ экологиялық мәдениетті арттыру мен «Таза Қазақстан» бастамасын ары қарай тиімді іске асырудың маңызына мән берілді.

Еске сала кетсек, Әлібек Қуантыров кеше Экология және табиғи ресурстар министрі болып тағайындалды. Бұрын бұл қызметті Ерлан Нысанбаев атқарған еді.