«Заң мен тәртіп»: Астанада діни және құқықтық сауаттылық жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді

«Заң мен тәртіп»: Астанада діни және құқықтық сауаттылық жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді
Фото: Астана әкімдігі

Астананың Орталық жағалауында «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында «Ашық алаң» ақпараттық-түсіндіру акциясы өтті. Іс-шара барысында қала тұрғындарына діни және құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған кеңестер берілді, деп хабарлайды Elordainfo.kz елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап. 

Акцияны «QAMQOR-ASTANA» қоғамдық қоры Астана қаласының Дін істері басқармасының қолдауымен ұйымдастырды. Биылғы іс-шараның ұраны – «Оқу – білім бұлағы, білім – өмір шырағы». 

Ашық интерактивті алаңда мамандар мен сарапшылар тұрғындар мен қала қонақтарына Қазақстандағы дін саласына қатысты заң талаптары, дәстүрлер мен мәдени ерекшеліктер туралы түсіндірді. 

Іс-шарада өскелең ұрпаққа да ерекше көңіл бөлінді. Жасөспірімдер арасында Отанды сүю, білім алу және отбасы құндылықтарын дәріптеуге арналған танымдық викториналар, зияткерлік ойындар мен мақал-мәтелдер сайысы ұйымдастырылды. 

Сонымен қатар «сұрақ-жауап» форматында ашық диалог өтіп, тұрғындар дін мәселелері бойынша мамандардан кеңес алды. Қатысушыларға деструктивті діни ағымдарға тартудың тәсілдері мен олардың ықтимал қауіптері түсіндірілді. Алаңда әлеуметтік және ағартушылық бейнероликтер де көрсетілді. 

Акция барысында волонтерлер қала тұрғындарына 3 мыңнан астам ақпараттық жадынама таратты. Онда діни білім алуға арналған сенімді дереккөздерді таңдау жөніндегі кеңестер, Қазақстан аумағында қызметіне тыйым салынған экстремистік және террористік ұйымдар туралы ақпарат, заңнама нормалары мен қауіпсіздік ережелері қамтылған. 

Акция аясындағы байқаулар мен викториналарда белсенділік танытқан тұрғындар алғыс хаттармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Іс-шараны ұйымдастыруға атсалысқан волонтерлерге де арнайы алғыс білдіріліп, марапаттар табысталды. 

Бұған дейін елордалық жастарға «жеңіл ақша» мен есірткі қылмысының қаупі түсіндірілгенін жаздық