АИТВ қазіргі таңда тиімді бақылауға және алдын алуға болатын инфекцияның қатарында

АИТВ қазіргі таңда тиімді бақылауға және алдын алуға болатын инфекцияның қатарында
Фото: freepik.com

АИТВ инфекциясы қазіргі таңда тиімді бақылауға және алдын алуға болатын инфекциялардың қатарына жатады. АИТВ-ның қазіргі заманғы профилактикасы бір ғана шарамен шектелмейді, ол қауіпсіз жыныстық мінез-құлықты, тұрақты тестілеуді, жұқтыру қаупі жоғары болған жағдайда профилактиканы, қанмен жанасу кезіндегі қауіпсіздікті, АИТВ инфекциясын уақтылы емдеуді және вирустың анадан балаға берілуінің алдын алуды қамтитын кешенді тәсілді қамтиды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

АИТВ-ның алдын алу әр адамға қатысты екенін түсіну маңызды. Инфекцияның берілу жолдары мен қорғану тәсілдерін білу дұрыс шешім қабылдауға және жұқтыру қаупін төмендетуге мүмкіндік береді. АИТВ жұқтырған адамның биологиялық сұйықтарымен белгілі бір жолдар арқылы жанасқан кезде беріледі. Негізгі жолдарына қорғанышсыз жыныстық қатынас, инъекция жасау кезінде ортақ инелер мен басқа да құралдарды пайдалану, сондай-ақ жүктілік, босану немесе бала емізу кезінде анадан балаға берілу жатады. Сонымен қатар АИТВ қол алысу, құшақтасу, күнделікті тұрмыстық қарым-қатынас, ортақ ыдыс пайдалану немесе АИТВ-мен өмір сүретін адамның жанында болу арқылы берілмейді.

Алдын алу ақпараттанудан басталғанымен, тек біліммен шектелмейді. Қолжетімді қорғану құралын пайдалану, уақтылы тестілеуден өту, ықтимал қауіпті жағдайдан кейін медициналық көмекке жүгіну және қажет болған жағдайда заманауи дәрілік профилактика әдістерін қолдану маңызды. Осындай кешенді тәсіл инфекцияны жұқтыру ықтималдығын едәуір төмендетуге және АИТВ-ны уақтылы анықтауға мүмкіндік береді.

Тұрақты тестілеудің маңызы ерекше. АИТВ инфекциясы ұзақ уақыт бойы айқын белгісіз өтуі мүмкін, сондықтан адамның өзін жақсы сезінуі инфекцияның жоқ екенін білдірмейді. Өзінің АИТВ статусын білудің жалғыз сенімді жолы – тестілеуден өту. Өз статусын білу медициналық көмекке уақытында жүгінуге және қажет болған жағдайда емді бастауға мүмкіндік береді.

АИТВ профилактикасы – бұл сондай-ақ серіктестің, болашақ баланың және жалпы қоғамның денсаулығына қамқорлық жасау. Заманауи әдістер инфекцияның алдын алуға ғана емес, АИТВ-мен өмір сүретін адамдардың денсаулығын тиімді бақылауға мүмкіндік береді. Дұрыс ем қабылдаған кезде вирустық жүктеме анықталмайтын деңгейге дейін төмендеуі мүмкін. Вирустық жүктеме тұрақты түрде анықталмайтын деңгейде болған жағдайда, АИТВ жыныстық жолмен берілмейді. Бұл қағида «Анықталмайтын = Берілмейтін» немесе «А = Б» деп аталады. Сондықтан АИТВ инфекциясы анықталған адам медициналық көмекке жүгінуді кейінге қалдырмай, тағайындалған емді уақтылы бастап, дәрігердің тұрақты бақылауында болуы маңызды. Емді сақтау тек адамның денсаулығын қолдауға ғана емес, АИТВ-ның берілуінің алдын алуға да ықпал етеді.

АИТВ-ның анадан балаға берілуінің алдын алудың маңызы зор. Әйелдерге жүктіліктің ерте кезеңінде және үшінші триместрінде АИТВ-ға екі рет тестілеуден өту, ал қажет болған жағдайда медициналық көмек пен антиретровирусты терапияны уақтылы алу ұсынылады. Жыныстық серіктесінің де өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауы маңызды: уақтылы тестілеу өзінің АИТВ мәртебесін білуге, ал инфекция анықталған жағдайда емді дер кезінде бастауға және серіктесіне АИТВ берілу қаупін төмендетуге мүмкіндік береді. Мамандардың барлық ұсынымын орындаған жағдайда инфекцияның балаға берілу қаупін едәуір төмендетуге болады.

Әр адам АИТВ-ның алдын алуға үлес қоса алады. Ол үшін инфекцияның негізгі берілу жолын білу, өзінің және жыныстық серіктесінің денсаулығына жауапкершілікпен қарау, қорғану құралын пайдалану, уақтылы тестілеуден өту және жұқтыру қаупі бар жағдайдан аулақ болу маңызды.

АИТВ инфекциясы анықталған жағдайда медициналық көмекке уақтылы жүгініп, тағайындалған емді бастап, маманның тұрақты бақылауында болу қажет. Осы шараны сақтау адамның денсаулығын қорғауға және АИТВ-ның басқа адамдарға берілу ықтималдығын төмендетуге көмектеседі.

АИТВ-ның тиімді профилактикасы өз денсаулығына саналы түрде қараудан және қажетті шараларды уақтылы қабылдауға дайын болудан басталады. Тестілеуден қорқудың немесе медициналық көмекке жүгінуді кейінге қалдырудың қажеті жоқ. Адам өзінің АИТВ статусын неғұрлым ерте білсе, қажет болған жағдайда емді соғұрлым ерте бастауға немесе профилактиканың тиісті әдісін таңдауға, денсаулығын сақтауға және өзін әрі жақынын қорғауға мүмкіндік соғұрлым жоғары болады.

Денсаулығыңызға бүгіннен бастап қамқорлық жасаңыз! Сіздерді АИТВ бойынша кеңес алуға және тексеруден өтуге шақырамыз. Мамандар сізді алаңдататын сұраққа жауап беріп, ықтимал қауіпті бағалауға және қажет болған жағдайда әрі қарай бақылау мен профилактика бойынша ұсыныс беруге көмектеседі.

Денсаулығыңызға қамқорлық жасауды кейінге қалдырмаңыз.Уақтылы тестілеуден өту – АИТВ статусыңызды дер кезінде білуге, қажетті медициналық көмек алуға және денсаулығыңызды сақтауға мүмкіндік береді. Байланыс телефон нөмерлері: 57-67-20, 38-07-02.

Астана қаласы әкімдігінің

«АИТВ инфекциясының алдын алу  орталығы» МКҚК

директорының ұйымдастыру-әдістемелік және эпидемияға қарсы

мәселелер жөніндегі орынбасары Салтанат Мусина