Қазақстанда скринингтерден уақтылы өтуге, вакцинациялау туралы мәліметтерді тексеруге және көрсетілген медициналық қызметтерді растауға арналған жаңа цифрлық сервистер енгізілді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.
Алдағы дүйсенбіден бастап скрининг туралы SMS жіберу пилоттық жобасы іске қосылады, ал 26 қазанынан бастап еліміздің барлық өңірінде екпе туралы хабарлама жіберу жоспарланып отыр.
19 қазаннан бастап Ақмола облысында, Абай және Ұлытау облыстарында 1414 бірыңғай байланыс орталығы арқылы скринингтен өту қажеттігі туралы жеке SMS ескерту жіберу жоспарланған.
«Жүйе жүрек-қантамыр және онкологиялық ауруларды, қант диабетін, ми қанайналымының бұзылуын және вирустық гепатиттерді ерте анықтауды қоса алғанда, алты бағыт бойынша профилактикалық тексеруден өтуі қажет азаматтарды автоматты түрде анықтайды. Хабарлама алған азамат тексеруден өту үшін өзі тіркелген емханаға жүгіне алады», делінген хабарламада.
26 қазанан бастап барлық өңірде жүргізілген вакцинациялау туралы SMS жіберу жоспарланып отыр. Екпе медициналық ақпараттық жүйеде тіркелгеннен кейін азаматқа немесе баланың заңды өкіліне вакцинаның түрі мен егілген күні көрсетілген хабарлама жіберіледі.
Егер хабарламадағы мәлімет шындыққа сәйкес келмесе, азамат 1414 нөміріне жауап хабарлама жіберу арқылы хабарлай алады. Ақпарат тексеру жүргізу үшін Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетіне жіберіледі.
Еске сала кетсек, Ақмарал Әлназарова жүкті әйелдер мен балаларға медициналық көмек көрсетуді күшейтуді тапсырды.