Қайрат Сақ: Тілі жасаса, ұлт та мәңгі жасайды

Қайрат Сақ: Тілі жасаса, ұлт та мәңгі жасайды
Фото: Оңалхан Өнерхан

Тіл – ұлттың ұлт болып қалыптасуы мен тәуелсіздігін сақтауының басты негізі. Бұл туралы Қазақстан халқының Тілдер күніне орай алаштанушы ғалым Қайрат Сақ айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Ғалым қазақ тілін сақтап қалу жолында Алаш зиялыларының айрықша еңбек сіңіргенін атап өтті. Соның ішінде Ахмет Байтұрсынұлының қазақ тілінің ғылым ретінде қалыптасуына қосқан үлесіне тоқталды.

«Ұлттың ұлт болуы үшін ең бірінші қажеттілік – оның тілі. Ұлттың тілі болмаса, мемлекет те, тәуелсіздік те болмайды. Ахмет Байтұрсынұлы тілге қауіп төнген кезеңде «Сөзі жоғалғанның өзі жоғалады» деп ұран көтеріп, қазақ тілін сақтап қалу жолында үлкен еңбек етті. Ол қазақ тілінің теориясын жасап, тілдік құрылымымыздың ережелерін жүйеледі. Сонымен қатар әліпби мен алғашқы оқулықтарды әзірлеп, тіл білімінің дамуына жол ашты», – деді Қайрат Сақ.

Алаштанушының айтуынша, тәуелсіздік алғаннан кейін қазақ тілі мемлекеттік мәртебеге ие болғанымен, оның қолданыс аясын кеңейту бағытында әлі де атқарылатын жұмыс бар.

«Тәуелсіздік алғанымызға 30 жылдан астам уақыт өтті. Қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін толық жүзеге асыру бағытында әлі де мәселелер бар. Дегенмен қазір қазақ тілінде мектептер мен балабақшалар ашылып, жоғары оқу орындары мен мемлекеттік мекемелерде қолдану аясы кеңейіп келеді. Бұл – тілдің өрісі кеңейіп келе жатқанын көрсетеді», – деді ғалым.

Қайрат Сақ Тілдер күніне орай қазақ тілінің мәртебесі биіктеп, оның болашағы баянды болуына тілек білдірді.

«Бүгін – мереке. Сондықтан мерекелік көңіл-күймен тіліміздің мәртебесі баянды болсын дейміз. Тіліміз жасаса, тілімізбен бірге ұлтымыз да мәңгілік тәуелсіздігін сақтап жасай берсін», – деді ол.

Айта кетейік, Қазақстан халқы тілдері күніне орай қаламгерлер арасында елордада қаламгерлер арасында дәстүрлі «Сөз бен сана» бильярд турнирі өтіп жатыр