Тілдің құдіретін ұлттық музыка арқылы көрсету маңызды – Нұрлан Бекенов

Тілдің құдіретін ұлттық музыка арқылы көрсету маңызды – Нұрлан Бекенов
Фото: Оңалхан Өнерхан

Қазақ тілінің мәртебесін арттыруда тілмен қатар ұлттық музыка мен тарихи мұраны бірге насихаттаудың маңызы зор. Бұл туралы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясы Қазақ оркестрінің дирижері Нұрлан Бекенов Қазақстан халқының Тілдер күніне орай айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Өнер қайраткерінің айтуынша, әр қазақ ана тілін меңгеріп қана қоймай, оның мағынасы мен астарын терең түсінетін ұрпақ тәрбиелеуге атсалысуы керек.

«Тіл мәртебесі биіктеген сайын, еліміздің мәртебесі де биіктей береді. Әр қазақ өзінің ана тілін жақсы меңгеріп, сол тілдің мағынасына терең үңілетін ұрпақты тәрбиелеуіміз маңызды. Ана тіліміз – мемлекеттік тіл ретінде өркендеп, дами берсін», – деді Нұрлан Бекенов.

Ол тілдің қолданыс аясын кеңейту үшін мәдениет пен өнердің мүмкіндігін тиімді пайдалануды ұсынды. Әсіресе, мектептерде лекциялық концерттер өткізіп, тіл мен ұлттық музыканың байланысын көрсету маңызды екенін атап өтті.

«Тіл мен күй, қазақ музыкасы бірге жүруі керек. Кейбір адам тілді түсінбеуі мүмкін, бірақ музыканы түсінеді. Музыка – әмбебап дүние. Сондықтан тілдің құдіретін ұлттық музыкамен бірге көрсетіп, болашақ ұрпаққа насихаттауымыз керек», – деді өнер қайраткері.

Нұрлан Бекеновтің пікірінше, тіл мәселесін тек тіл мамандарының аясында қарастырмай, тарих пен өнерді де қатар қамту қажет.

«Күй, тіл, тарих – үшеуін бірге алып жүруіміз керек. Біржақты болмай, осы құндылықтарды бірге насихаттасақ, қазақ тілінің мәртебесін одан әрі арттыра аламыз», – деді ол.

Нұрлан Бекенов барша қазақстандықтарды Тілдер күнімен құттықтап, елге амандық, жұртқа тыныштық, ана тілімізге өркендеу тіледі.

Айта кетейік, Қазақстан халқы тілдері күніне орай қаламгерлер арасында елордада қаламгерлер арасында дәстүрлі «Сөз бен сана» бильярд турнирі өтіп жатыр