«Ұлт ұстазы» атанған ұлы тұлғаның туған күні мен тілдер мерекесінің ұштасуы өте орынды – Гүлбадан Мәдібаева
5 қыркүйек – Қазақстан халқының тілдері күні. Бұл күн ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күнімен де сабақтас. Қазақ тіл білімінің негізін қалаған ғалымның мұрасы бүгінгі ұрпаққа ана тілін қадірлеу, білімге ұмтылу және ұлттық құндылықтарды сақтау идеясын дәріптейді. Осы орайда Астана қаласы әкімдігінің «Орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің» басшысы Гүлбадан Мәдібаева Ахмет Байтұрсынұлының мұрасын насихаттаудың маңызы туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.
«Қазақстан халқының тілдері күні» қазір 5 қыркүйек күні аталып келеді. Бұның өзіндік себебі бар. «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл», – деп ұлағатты сөз қалдырған, қазақ тілі үшін күрескен Алаш арысы Ахмет Байтұрсынұлының туған күнімен тікелей байланысты. «Ұлт ұстазы» атанған ұлы тұлғаның туған күні мен тілдер мерекесінің ұштасуы өте орынды. Себебі Ахмет Байтұрсынұлының мұрасы – қазақ тілінің, әдебиеті мен мәдениетінің даму тарихымен тікелей сабақтас.
Ахмет Байтұрсынұлы қазақ тілін зерттеп қана қоймай, оның ғылыми негізін қалыптастырған ұлы ағартушы, қазақ баласының ана тілінде білім алуының негізін қалаған ғалым. Қазақ тіл біліміне сіңірген еңбегі бүгін де өз маңызын еш жоғалтқан жоқ», – деді Гүлбадан Мәдібаева.
Сондай-ақ, кітапхана басшысы ұлт ұстазының мұрасын жас ұрпаққа танытуда кітапханалардың атқаратын рөліне тоқталды.
«Кітапхана үшін де Ахмет Байтұрсынұлының мұрасы ерекше мәнге ие. Себебі кітапхана – тек кітап сақтайтын орын емес, ұлттың рухани жадын ұрпаққа жеткізетін мәдени орта. Ал Ахмет Байтұрсынұлының кітаптары мен ғылыми еңбектері – сол рухани қазынаның аса бір құнды бөлігі.
Бүгінгі жас ұрпаққа Ахмет Байтұрсынұлының мұрасын таныстыру – оның өмірбаянын айтып, еңбектерін тізіп шығумен ғана шектелмеуі керек. Ана тілін құрметтеу, сауатты сөйлеу мен жазу, кітап оқу, ұлттық әдебиетті бағалау – ұлт ұстазы қалыптастырған құндылықтардың бүгінгі жалғасы деп білемін.
Тілге деген жауапкершілік – әр азаматтың ұлттық жауапкершілігі. Ал кітапхана осы жауапкершілікті қалыптастыратын, әдеби мұраны насихаттайтын маңызды рухани кеңістіктердің бірі.
Ұлт ұстазының «Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек» деген керемет сөзі бар. Біз кітапхана тарапынан осы керектердің алғашқысын барынша насихаттап келеміз.
«Өзіміздің елімізді сақтау үшін бізге мәдениетке, оқуға ұмтылу керек. Ол үшін ең алдымен, әдебиет тілін өркендету керек...» Біз Ахмет Байтұрсынұлының бұл сөзін бар жан-дүниемізбен түсінеміз, әрі осы сөздерді әр оқырманның кеудесіне сәуле төккендей жеткізуді мақсат етеміз.
Бір дәуірдің ғана емес, ұлттың мәңгілік рухани қазынасы болған Байтұрсынұлының мұрасы – тілдің қадірін білуге, кітап пен әдебиетті бағалауға үндеу, білімге ұмтылуға жігерлендіру емес пе?!», – деді ол.