Елордалық спортшы Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында қола медаль жеңіп алды
Қырғызстанда VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтіп жатыр. 2 қыркүйекте өткен жарыстың екінші күнінің қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы 10 медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары 1 қыркүйекте Ыстықкөл облысында басталды. Жарыстың салтанатты ашылу рәсімі 31 тамызда Бішкекте өтті.
2 қыркүйекте жарыс күнінің қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасының қоржынында 10 медаль – 4 алтын, 1 күміс және 5 қола жүлде бар.
Қазақстандық спортшылар аударыспақтан екі алтын және бір күміс медаль, сондай-ақ жамбы атудан және арқан тартудан бір-бір алтын жүлде жеңіп алды. Алыш күресінен тағы үш қола медаль еншіледі. Сонымен қатар Қазақстан құрамасы мас-рестлингтен үшінші орын алды.
Жілік сындыру жарысында қазақстандық спортшылар командалық есепте қола жүлдегер атанды. Ұлттық құрама сапында Астананың өкілі Әмірбек Жұмәділ өнер көрсетті. Бұл спорт түріндегі жарыстың қорытынды кезеңі бүгін өтеді.

VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Қазақстан құрамасының намысын спорттың 43 түрінен 152 спортшы қорғайды.
Ойындарға Астана қаласынан ұлттық құрама сапында спорттың жеті түрі мен дисциплинасына қатысатын 13 спортшы бар.
3 қыркүйекте жарыс бағдарламасы көкпар, көк бөрі, аударыспақ, овари, мангала, тоғызқұмалақ, ат марафоны, ордо, құсбегілік, жамбы ату, дәстүрлі садақ ату, арқан тарту, сумо, стронгмен, самбо, қырғыз күрөшү, ссирым, қол күресі және тазы жарысы бойынша жалғасады.
Елордалық спортшылар мангала және дәстүрлі садақ ату жарыстарында жүлде үшін сынға түседі. Сонымен қатар Астана өкілі Алмас Оралбек «Сағым» атты тазы итімен бірге тазы жарысына қатысады.
Қырғызстанда VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары 6 қыркүйекке дейін жалғасады.