Оразкүл Асанғазықызы: Қазақ тілі білімнің, бизнестің, технологияның тілі болуы керек
Бүгін – Қазақстан халқының тілдері күні. Осыған орай қоғам қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, тіл жанашыры Оразкүл Асанғазықызымен қазақ тілінің бүгінгі ахуалы, оның қоғамдағы қолданысы және тіл дамытудағы өзекті мәселелер жөнінде сұхбаттастық, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
- Оразкүл апай, бүгінде қазақ тілінің қоғамдағы орны мен қолданыс деңгейіне қандай баға берер едіңіз?
- Бүгінде қазақ тілінің қоғамдағы орны айтарлықтай нығайып келеді деп бағалар едім. Оған ең алдымен демографиялық жағдай әсер етеді. Бүгінде қазақ халқының үлесі 70 пайыздан асты. Қазақ мектептеріндегі оқушылар саны көбейіп, соған сәйкес колледждер мен жоғары оқу орындарындағы қазақ топтарының да қатары артып келеді. Мұндай демографиялық серпін бүгін болмаса, ертең міндетті түрде өз нәтижесін береді. Өйткені тілдің ең үлкен тірегі — сол тілде сөйлейтін халық.
Екіншіден, қазіргі заманда тілдің дамуы технологиямен тікелей байланысты. Дамыған тілдердің барлығы жаңа технологияға бейімделу арқылы өз қолданыс аясын кеңейтіп отыр. Қазақ тілі де жасанды интеллекттің, цифрлық технологияның, ғылым мен инновацияның тілі болуы керек. Біздің жастарымыз бұған дайын. Мемлекет басшысы да цифрландыру мен жасанды интеллект мәселесіне ерекше көңіл бөліп отыр. Сондықтан қазақ тілінің болашағына сеніммен қараймын. Ендігі міндет — сан жағынан өсіп келе жатқан қазақтілді ортаны сапалық деңгейге көтеру. Қазақ тілі үйдің ғана емес, білімнің, ғылымның, бизнестің, технологияның және мемлекеттік басқарудың тіліне айналғанда ғана оның қоғамдағы тұғыры толық бекиді.
Дегенмен, кейбір ортада қазақ азаматы өз елінде қазақша қызмет алу үшін әлі де талап етуге мәжбүр болатын жағдайлар кездеседі. Мәселе тілдің мүмкіндігінде емес, оны күнделікті өмірде қолдануға деген ниет пен жауапкершілікте. Тілді заң ғана емес, қолданыс күшейтеді. Қазақ тілінің болашағын өзгеден күтпей, әрқайсымыз өзімізден бастауымыз керек. Отбасында қазақша сөйлеп, баламызды қазақша тәрбиелеп, дүкенде де, жұмыста да, қоғамдық ортада да мемлекеттік тілді қолдансақ, қазақ тілінің мәртебесі қағаз жүзінде емес, өмірдің өзінде биіктейді. Сондықтан мен бүгінгі жағдайды «ілгерілеу бар, бірақ атқарылатын жұмыс әлі көп» деп бағалар едім.
- Бүгінгі күні қазақ тілін дамыту жолында мәселелер бар ма?
Әрине, қазақ тілін дамыту жолында мәселелер бар. Соның ең үлкені — қазақ тілінің қадірін кейде өзіміздің толық түсінбей жүргеніміз.
Бүгінде кейбір ата-аналар баласына өз ана тілін терең үйретуден бұрын өзге тілді үйретуге асығады. Баласын өзге тілдегі сыныпқа беріп, «басқа тілде білім алса, білімдірек, болашағы жарқын болады» деп ойлайды. Меніңше, бұл — қате түсінік. Білімді болу қай тілде оқығаныңа емес, қалай оқығаныңа, қандай тәрбие мен білім алғаныңа байланысты. Оған дәлел алыстан іздеудің қажеті жоқ. Ауылдан шыққан Асқар Жұмаділдаев — әлемдік деңгейдегі ғалым. Қазақ мектебінде білім алған Димаш Құдайбергенді бүгінде әлем таныды. Олар ана тілінде білім алып артта қалды ма? Жоқ. Керісінше, өз тамырынан нәр алып, биікке көтерілді.
Алаш зиялыларының да алғаш сауат ашқан, дүниені таныған тілі — қазақ тілі. Олар қисса, жыр-дастан тыңдап, қазақтың бай сөз өнерімен сусындап өсті. Сонда олар білімсіз болып, өркениеттен артта қалды ма? Жоқ. Керісінше, бірнеше тіл меңгерген, ғылым мен саясатты, әдебиет пен мәдениетті терең игерген ұлт зиялыларына айналды. Мұстафа Шоқайдың ойларынан да «Балаға қай тілде білім берсең, түбі сол ұлтқа қызмет етеді» деген үлкен мән аңғарылады. Сондықтан өзге тілді үйренуге қарсылығымыз жоқ. Бала бірнеше тіл білсін, бірақ ең алдымен өзінің ана тілінде ойлап, білім алып, тамырын танып өссін. Өз тіліне берік бала өзге тілді де, өзге білімді де еркін меңгереді.
Сондай-ақ, қазақ тілін дамыту дегеніміз – тек адамдарға қазақша сөйлетумен шектелмейді. Біз қазақ тіліндегі кітаптарды, ғылыми еңбектерді, заңнаманы, терминдерді, ресми құжаттарды, медианы, цифрлық контентті жинақтап, жүйелеп, сапалы дерек қорын қалыптастыруымыз керек. Осы бағытта «Тіл-Қазына» орталығы, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты, жоғары оқу орындары мен ғылыми-технологиялық ұйымдар атқарып жатқан жұмыстардың маңызы зор. Деседе, қазақ тілін қажеттілікке айналдыратын жүйелі сұраныс керек. Осыны тіл басқармалары қадағалап отыруы керек.
- «Тіл – ұлттың жаны» деп жатамыз. Бүгінгі қоғамда ана тіліміздің мәртебесін көтеру үшін не істеуіміз керек?
- «Тіл – ұлттың жаны» деп бекер айтпаймыз. Ана тіліміздің мәртебесін көтереміз десек, ең алдымен мектепті күшейтуіміз керек. Себебі бәрі мектептен басталады. Бүгінгі оқушы — ертеңгі студент, одан кейін елге қызмет ететін маман. Бала мектеп қабырғасында қазақ тілін қаншалықты жақсы меңгерсе, ертең қоғамда оны соншалықты еркін қолданады. Бұл жерде ата-анамен жұмыс істеудің де маңызы зор. Мектеп пен отбасы бір бағытта жұмыс істеуі керек. Ата-ана баласының қазақ тілінде сапалы білім алатынына сенуі қажет. Қазақ мектебін таңдау баланың мүмкіндігін шектеу емес, керісінше, оның ұлттық негізін қалыптастыру екенін түсіндіруіміз керек. Әсіресе қазақ тілін оқытудың әдістемесін күшейту қажет. Баланы ережені жаттатумен ғана емес, қазақша еркін ойлауға, сөйлеуге, пікір таластыруға, сауатты жазуға үйретуіміз керек. Оқу бағдарламалары заманға сай, қызықты әрі нәтижелі болуы тиіс. Сондықтан тілдің мәртебесін көтеру тек заңмен немесе ұранмен шешілмейді. Мықты мектеп, сапалы әдістеме, саналы ата-ана және қазақша еркін сөйлейтін жас ұрпақ болса, қазақ тілінің қоғамдағы мәртебесі де табиғи түрде биіктей береді.
- Жастардың қазақ тіліне деген қызығушылығы сізді қуанта ма?
- Иә, қуантады. Қазір жастардың қазақ тіліне деген көзқарасында үлкен өзгеріс бар. Олар қазақша сөйлеуден қысылмайды, керісінше, ана тілінде еркін сөйлеп, қазақ тілінде қызмет көрсетуді ашық талап ете алады. Бұл — өте жақсы өзгеріс. Әсіресе жастардың әлеуметтік желіде қазақша контент жасап, қазақ тілін заманауи ортаға алып келуі көңіл қуантады. Түсіріліп жатқан фильмдер мен шығып жатқан әндерде, жаңалықтарда қазақ тілінің үлесі зор. Ал оның артында әрине жастар тұр. Қазақ тілі тек тұрмыстық тіл емес, білімнің, бизнестің, технологияның, мәдениеттің тілі болуы керек. Осындай талапты, тілінің қадірін білетін жастар көбейсе, қазақ тілінің болашағы да берік болады. Өйткені тілдің ертеңі — оны күнделікті өмірде қолданатын жастардың қолында.
- Қазақ тілінің болашағын қалай елестетесіз?
- Қазақ тілінің болашағына үлкен сеніммен қараймын. Мұхтар Мағауин айтпақшы, қазақ тілінің болашағы зор. Әлемдегі 7 019 тілдің бәріне бірдей мемлекеттік тіл мәртебесі бұйырмаған. Ал қазақ тілі — тәуелсіз мемлекеттің мемлекеттік тілі. Біздің жеріміз бар, шекарамыз бар, мемлекетіміз бар, ең бастысы — сол тілде сөйлейтін халқымыз бар. Сондықтан қазақ тілінің болашағы бар ғана емес, болашағы зор деп білемін. Ол үшін тек мемлекетке қарап отырмай, әрқайсымыз өзімізден бастауымыз қажет. Отбасында баламен қазақша сөйлесу, қазақша білімге басымдық беру, күнделікті өмірде қазақ тілінде қызмет талап ету — осының бәрі тілдің болашағына әсер етеді. Қазір жастардың қазақша сөйлеп, қазақ тілінде сапалы контент жасап, өз тілінде қызмет көрсетуді талап етіп жүргені үлкен үміт береді. Сондықтан қазақ тілінің болашағы жарқын. Тек оны жақсы көреміз деп айтумен шектелмей, күн сайын қолданып, кейінгі ұрпаққа аманат етуіміз керек.
- Қазақстан халқы тілдері күні қарсаңында жастарға қандай үндеу айтар едіңіз?
- Мен жастарға ең алдымен өз ана тіліне сеніммен қарауға шақырар едім. Қазақ тілін тек өткеніміздің мұрасы деп қабылдамайық. Ол – біздің болашағымыздың да тілі. Бүгінгі жас қазақ тілінде ғылым оқуы, технология жасауы, бизнес жүргізуі, әлеммен байланысуы керек. Өзге тілдерді үйрену де өте маңызды. Әлемге ашық болуымыз керек. Бірақ әлемге ашық болу – өз тіліңнен алыстау деген сөз емес. Керісінше, өз тілін жақсы меңгерген адам әлемге өзін жақсы таныта алады. Сондықтан жастарға айтарым: қазақ тілін күнделікті өмірде қолданыңыздар, қазақша контент жасаңыздар, қазақ тіліндегі кітап пен сапалы ақпаратты көбейтіңіздер. Тіпті бір адамның қазақ тілінде жасаған бір сапалы дүниесінің өзі ертең үлкен цифрлық дерекке айналуы мүмкін. Бүгін жазған бір мәтініміздің өзі ертең жасанды интеллект үшін тілдік ресурс болуы ықтимал. Бұл – әрқайсымыздың жауапкершілігімізді бұрынғыдан да арттырады.
- Сұхбатыңызға рақмет.