Рауза Исмурзина: Ерікті болу – жүректегі мейірімді бөлісу

Бүгін, 09:39
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Рауза Исмурзина: Ерікті болу – жүректегі мейірімді бөлісу
Фото: Рауза Исмурзинаның жеке архивінен

Астанадағы Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарының жанында «Күміс еріктілер» клубы жұмыс істейді. Өмірлік тәжірибесі мол аға буын өкілдері қайырымдылық акцияларына, экологиялық бастамаларға қатысып, жастармен бірге түрлі әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруда. Солардың бірі – «Нұра» ауданы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы «Күміс еріктілер» клубының мүшесі Рауза Исмурзина, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Мәдениет саласында ұзақ жыл еңбек еткен ол бүгінде волонтерлік қызмет арқылы қоғамға пайдасын тигізіп келеді.

«Күміс еріктілер» клубының мүшелері қалада ұйымдастырылатын қайырымдылық шаралары мен экологиялық сенбіліктерге белсенді қатысады. Сонымен қатар олар тегін шеберлік сабақтарын өткізіп, мектеп оқушылары мен студенттерге өмірлік тәжірибелерімен бөліседі.

Р.Исмурзина жастармен кездесулерге қатысып, кітап оқу мәдениетін насихаттауға және түрлі әлеуметтік бастамаларға атсалысады.

«Ерікті болу – тек көмек көрсету емес. Бұл – адамның жүрегіндегі мейірімділікті бөлісу. Біз өмір бойы жинаған тәжірибемізді жастарға жеткізе алсақ, қоғам үшін жасаған ең үлкен қызметіміз сол деп ойлаймын», – дейді Рауза Исмурзина.

Айта кетейік, «Күміс еріктілер» клубының жұмысы аға буынның белсенді өмір салтын жалғастыруына және ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға мүмкіндік береді.