Дәулеткерей Кәпұлы: Тіл мен тарихи жад – ұлттың рухани өзегі

Дәулеткерей Кәпұлы: Тіл мен тарихи жад – ұлттың рухани өзегі
Фото: Дәулеткерей Кәпұлы/Facebook

Тіл – ұлттың тарихи жадын сақтап, ұрпақтар сабақтастығын жалғайтын басты құндылықтардың бірі. Бұл туралы ақын, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, әдебиеттану докторы, PhD Дәулеткерей Кәпұлы айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Оның айтуынша, Тілдер күнінің қазақтың рухани көсемі Ахмет Байтұрсынұлының туған күнімен орайласуының мәні зор.

«Қуантатын жағдай – ана тіліміздің мәртебесі үшін басын бәйгеге тіккен ұлт көсемі Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне орай Тілдер мерекесінің аталып өтіі. Сондықтан қазақ тілінің қашанда төрде болуын, ана тіліміздің тұрмысымызда, қоғамдық өмірімізде және саяси кеңістікте үні анық шығуын тілейміз. Қазақ халқын, еліміздің барлық тұрғындарын Тілдер мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Тіліміз төрден түспесін!» – деді Дәулеткерей Кәпұлы.

Ақын тіл мен тарихи жадтың өзара тығыз байланысты екенін атап өтті. Оның пікірінше, ұлттың тарихы, салт-санасы, тұрмыс-тіршілігі мен мәдениеті тіл арқылы ұрпақтан ұрпаққа жалғасады.

«Тіл мен ұлттың тарихи жадты сабақтастыруы өте маңызды. Ұлт бар жерде тіл мәңгілік болуы керек. Ахмет Байтұрсынұлының «Тілі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады» деген сөзі бар. Біз өзіміздің тұрмысымызды, салт-санамызды, көшпелі өркениетімізді ана тіліміз арқылы қалыптастырдық. Сондықтан тарихи сабақтастық үзілмеуі керек», – деді ол.

Дәулеткерей Кәпұлы жаһандану мен ақпараттық ашықтық жағдайында қазақ тілінің күнделікті қолданыс аясын кеңейту әр азаматтың жауапкершілігі екенін айтты.

«Бүгінгі жаңарып жатқан өмірде тіліміздің қанатын кеңге жаюына, күнделікті тұрмысымызда қолданыс аясын кеңейтуге әрқайсымыз жауаптымыз. «Қазақ тілі нашарлап бара жатыр» деген байбаламды қою керек. Қазіргі азат қазақтың төрінде ана тілі төрде. Ал мектеп пен балабақшадағы, күнделікті өмірдегі тілді дамытуға әрбір азамат жауапты. Қазақ барда, мемлекет барда қазақ тілі төрде болуы керек», – деді ақын.

Еске салсақ, жазушы, қоғам қайраткері Төлен Әбдік қазақ тілінің бүгінгі жағдайын жақсарту үшін мемлекеттік деңгейде талапты күшейтіп, тілдің қолданылу аясын кеңейту қажеттігін айтқан болатын.