Төлен Әбдік: Қазақ тілін дамытуда талапты күшейту керек
Қазақ тілінің бүгінгі жағдайын жақсарту үшін мемлекеттік деңгейде талапты күшейтіп, тілдің қолданылу аясын кеңейту қажет. Бұл туралы Қазақстан халқының Тілдер күніне орай драматург, жазушы, қоғам қайраткері Төлен Әбдік айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Жазушы қазіргі жағдайға алаңдауға негіз болғанымен, қазақ тілінің болашағына аса қорқынышты көзқараста емес екенін айтты. Оның пікірінше, тәуелсіздік жылдарында қазақ тілінің қолданысы айтарлықтай артқанымен, мемлекеттік тілдің қоғамдағы орнын бұдан да күшейтуге мүмкіндік бар.
«Шүкір, қазір қазақтардың саны 70 пайызға жуықтады. Сондықтан «құримыз, біттік» деген ойға сенгім келмейді. Бірақ осыған қарап бәрі тамаша деп те айтуға болмайды. Тәуелсіздік алғанымызға 30 жылдан асты. Қазақ тілі бұдан әлдеқайда жақсы жағдайда болуы мүмкін еді. Сондықтан қазір бұл мәселеге талап тұрғысынан қарау керек», – деді Төлен Әбдік.
Ол мемлекеттік қызметте қазақ тілін білудің маңызын атап өтті.
«Мемлекеттік қызметке қабылданған кезде мемлекеттік тілді білуге талап қойылуы керек. Бұл – белгілі бір ұлтқа қарсы көзқарас емес, мемлекеттік тілге деген заңды талап. Басқа елдерде де мемлекеттік тілді білу – қызмет атқарудың негізгі шарттарының бірі», – деді жазушы.
Төлен Әбдік Тілдер күні Ахмет Байтұрсынұлының туған күнімен тұспа-тұс келуінің де мәні зор екенін айтты.
«Ахмет Байтұрсынұлы – біздің басты идеологтарымыздың бірі, қазақ мемлекеттілігінің ғылыми негізін қалаған, қазақ рухын қалпына келтіруге зор үлес қосқан ұлы тұлға. Тілге қатысты мәселелердің бәрі де оның есімімен тікелей байланысты», – деді ол.
Жазушы Ахмет Байтұрсынұлының мұрасын кейінгі ұрпаққа насихаттаудың маңызын атап өтіп, жастарды Тілдер күнімен құттықтады.
«Байтұрсынұлы біз үшін алтын әріппен жазылған ұлы тұлға. Алаш мұрасы тәуелсіз Қазақстанның рухани негіздерінің бірі болуы керек», – деді Төлен Әбдік.
Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор Әділ Ахмет тілдер мерекесіне байланысты пікір білдірген болатын.