Рауан Кенжеханұлы: Қазақ тілі – өткеннің аманаты ғана емес, болашақтың тілі

Рауан Кенжеханұлы: Қазақ тілі – өткеннің аманаты ғана емес, болашақтың тілі
Фото: Рауан Кенжеханұлының әлеуметтік желі парақшасынан

Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы қазақстандықтарды 5 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдері күнімен құттықтады, деп хабарлайды Elordainfo.kz «Астана ақшамы» газетіне сілтеме жасап.

- Бұл күннің Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күнімен орайлас келуінде терең мән бар. Ахмет Байтұрсынұлы: «Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады», – деп ана тіліміздің тағдырын ұлт тағдырымен тең көрді. Ол тілді тек ұранмен сүйген жоқ. Әліпби түзді. Оқулық жазды. Қазақ тілін өзі өмір сүрген заманның білім мен ғылым кеңістігіне алып шықты. Арада бір ғасыр өтті. Дәуір ауысты. Бірақ Байтұрсынұлы бастап кеткен ұлы істің мәні өзгерген жоқ.
 
Бүгінде тіліміздің қолданыс аясы кеңейді. Қазақ тілі білім мен ғылымда, мәдениетте ғана емес, цифрлық ортада, жаңа технологиялар мен жасанды интеллект дәуірінде өз орнын қалыптастырып жатыр. Ахмет Байтұрсынұлы қазақ тілін өз заманының талаптарына сай дамытты. Біздің ендігі міндетіміз – осы миссияны жалғастырып, ана тіліміздің әлеуетін арттыру, жаңа дәуірдегі тұғырын нығайту.

Қазақ тілі баршамызды ортақ мақсатқа жұмылдыратын, ел бірлігін бекемдейтін біріктіруші күш болуы тиіс. Қазақша ойлайтын, қазақша сөйлейтін, қазақ тілінде білім алатын орта кеңейе берсін! Ана тіліміз ғылымда, мәдениетте, технологияда еркін қолданылып, келешек ұрпаққа заманауи әрі өміршең тіл болып жетсін.

Қазақ тілі – өткеннің аманаты ғана емес, болашақтың тілі. Осы жолда бірге қызмет етейік! Мереке құтты болсын!- деді ол.