Астанада сүйіктісіне тосынсый жасаған студент 5 тәулікке қамалды
Астанада дәмханалардың бірінің маңында пиротехникалық бұйымдарды қолданып, қоғамдық тәртіпті бұзған жас жігіт әкімшілік жауапқа тартылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана қаласының Полиция департаментіне сілтеме жасап.
Полиция мәліметінше, Қазақ ұлттық спорт университетінің студенті Армат Әнуарбеков сүйіктісінің туған күніне орай ерекше тосынсый жасауды көздеген. Осы мақсатта ол дәмхана маңында пиротехникалық бұйымдарды іске қосқан.
Алайда мерекелік әрекет құқық бұзушылық ретінде бағаланып, жас жігіт ұсақ бұзақылық және елді мекендерде пиротехникалық бұйымдарды пайдалану фактілері бойынша әкімшілік жауапқа тартылды.
Сот шешімімен оған 5 тәулікке әкімшілік қамақ түріндегі жаза тағайындалды.
Полиция департаменті пиротехникалық бұйымдарды қоғамдық орындарда белгіленген талаптарды сақтамай пайдаланудың азаматтардың қауіпсіздігіне қауіп төндіріп, айналадағы адамдардың тыныштығын бұзуы мүмкін екенін ескертті.
Сондай-ақ мерекелік көңіл-күй қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздік талаптарын бұзуға себеп болмауы керектігін атап өтті.
Еске салсақ, Астанада тазалық ережесін бұзған 32 мыңнан астам адам жазаланды.