«Таза Қазақстан»: Астанада тазалық ережесін бұзған 32 мыңнан астам адам жазаланды
Елордада қоршаған ортаға ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыруға, тазалықты сақтауға және абаттандыру қағидаларын бұзушылықтардың жолын кесуге бағытталған республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы жалғасып жатыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ішкі істер министрлігіне сілтеме жасап.
Ведомство мәліметінше, жыл басынан бері қоғамдық орындарды ластау және абаттандыру қағидаларын бұзғаны үшін 32 мыңнан астам құқық бұзушы әкімшілік жауапқа тартылды.
Мәселен, қала шетіндегі аумақта жүк көлігін пайдалана отырып, құрылыс материалдарын белгіленбеген жерге төгу фактісі анықталды. Аталған көліктің жүргізушісі құрылыс материалдарын оларды орналастыруға арналмаған жерге төккен. Жүргізушіге қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 344-бабы бойынша әкімшілік материал жиналып, шешім қабылдау үшін экология департаментіне жолданды.
«Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда. Негізгі мақсат – құқық бұзушылықтардың жолын дер кезінде кесу ғана емес, сонымен қатар қоршаған ортаға ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастырып, елордадағы тазалық пен тәртіпке жауапкершілікпен қарауға тәрбиелеу», - делінген хабарламада.
Еске салсақ, Астанада бірқатар апатты үйге қатысты реквизиция жүргізіледі.