Астанада бірқатар апатты үйге қатысты реквизиция жүргізіледі
Астанада бірқатар апатты тұрғын үйдегі жылжымайтын мүлік реновация бағдарламасы аясында реквизиция тәртібімен мәжбүрлі түрде иеліктен шығарылады. Бұл туралы Астана қаласы әкімдігінің №510-2654 қаулысында көрсетілген. Қаулы «Вечерняя Астана» газетінде жарияланған, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Құжатқа қала әкімі Жеңіс Қасымбек 2026 жылғы 31 шілдеде қол қойған.
Қаулыға сәйкес, мүлікті мәжбүрлі түрде иеліктен шығару 2026 жылғы 9 қыркүйектен 2027 жылғы 9 қыркүйекке дейін жүргізіледі. Жалпы аумағы 1,7854 гектар болатын жер учаскелері мен жылжымайтын мүлік қаулының қосымшаларында көрсетілген.
Мәжбүрлі түрде иеліктен шығарылатын нысандардың қатарында Сарыарқа және Байқоңыр аудандарындағы бірқатар тұрғын үй, пәтерлер және тұрғын емес үй-жайлар бар.
Атап айтқанда, тізімге «Сарыарқа» ауданындағы Атбасар, Әлия Молдағұлова, Иманжүсіп Құтпанұлы, Кенесары, Сеченов, Герцен, Ықылас Дүкенұлы, Құсжолы, Сәкен Сейфуллин, Ұланбел және Ыбырай Алтынсарин көшелеріндегі, сондай-ақ «Байқоңыр» ауданындағы Сәкен Жүнісов, Халел Досмұхамедұлы көшелері мен Абай даңғылындағы нысандар енгізілген.
Қаулыда меншік иелерінің құқықтарына қатысты да талаптар белгіленген. Атап айтқанда, Астана қаласының Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы құжат жарияланғаннан кейін үш күнтізбелік күннен кешіктірмей тұрғын және тұрғын емес үй-жайлардың меншік иелеріне алдағы мәжбүрлі иеліктен шығару туралы жазбаша хабарлама жіберуге тиіс.
Сонымен қатар меншік иелерін Қазақстан заңнамасында белгіленген тәртіппен қоныстандыру көзделген.
Бұл шешім Астананың тұрғын үй қорын жаңартуға бағытталған 2030 жылға дейінгі реновация бағдарламасы және қаланың бас жоспарын іске асыру мақсатында қабылданған.
Бұған дейін елорданың «Байқоңыр» ауданында реновацияның мемлекеттік бағдарламасы аясында жеке инвестиция есебінен жүзеге асырылған алғашқы жоба – «Дармен-1» тұрғын үй кешенінің пайдалануға берілгенін жазған болатынбыз.