Елордада Отбасы күніне арналған апталық өтіп жатыр

Елордада Отбасы күніне арналған апталық өтіп жатыр
Фото: Астана қаласы Коммуникациялар қызметі

Астана қаласы әкімдігі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары Назгүл Мақжан Коммуникациялар қызметінде өткен онлайн баспасөз конференциясында елордада өтіп жатқан Отбасы күніне арналған апталық туралы айтып берді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Отбасы – қоғамның негізі: Астанада әйелдер мен отбасыларды қолдау шаралары

Елордада еліміздің барлық өңірлерінде қатар өтіп жатқан Отбасы күніне арналған апталық басталды. 7-13 қыркүйек аралығында отбасының құндылығы мен әл-ауқатын арттыруға бағытталған түрлі ақпараттық, ағартушылық және қоғамдық бастамаларға тұрғындар қатыса алады.

Отбасының маңызы Отбасы адамның негізгі өмірлік құндылықтарын қалыптастырып, сыйластыққа, жауапкершілікке және қамқорлыққа тәрбиелейді.

Қазақтың «Отан — отбасынан басталады» деген нақыл сөзі бар. Мемлекеттің әл-ауқаты отбасылардың қаншалықты берік, үйлесімді және қорғалған болуына тікелей байланысты.

Аптаның әр күні жеке тақырыпқа арналады:

7 қыркүйек — ұрпақтар сабақтастығы және дәстүр мен қазіргі заманның байланысы; 8 қыркүйек — отбасын саналы түрде құру; 9 қыркүйек — жауапты ата-ана болу; 10 қыркүйек — балалардың денсаулығы мен қауіпсіздігі; 11 қыркүйек — отбасы қамқорлық пен қолдау кеңістігі ретінде; 12 қыркүйек — өмірлік қиын жағдайларда өзара көмек көрсету; 13 қыркүйек — ата-аналар мен балалардың бирге уақыт өткізуі.

Елордада бірқатар іс-шаралар жоспарланған: отбасылық дәстүрлер, салауатты қарым-қатынас, отбасылық бюджет, жауапты ата-ана болу және дағдарысты жағдайларды еңсеру тақырыптарында кездесулер мен ашық пікірталастар.

Жастарға ерекше назар аударылады, атап айтқанда, қарым-қатынасты сенім мен өзара құрмет негізінде құру, шешімдерді бірге қабылдау, тұрмыстық және қаржылық мәселелерді бірлесіп шешу, сондай-ақ жеке шекараны сақтау.

Іс-шаралар

Апталық аясында отбасы өміріндегі өзекті мәселелерге арналған кездесулер мен ашық форматтағы іс-шаралар өтеді. Қатысушылар салауатты қарым-қатынас, отбасылық бюджет, жауапты ата-ана болу және дағдарысты жағдайларды еңсеру жолдарын талқылайды.

Сондай-ақ «Күміс кереге, Алтын шаңырақ» іс-шарасы, балабақшаларда ата-аналармен кездесулер және қиын кезеңдегі отбасын қолдау мәселесіне арналған «Отбасы дағдарысты басынан кешіруде» атты кездесу ұйымдастырылады.

Әлеуметтік желілерде апталықты «Телефонсыз уақыт», «Отбасындағы шынайы оқиға» және «7 күн — 7 пайдалы кеңес» бастамалары толықтырады.

Олар жақындармен қарым-қатынасқа, отбасылық оқиғаларға және қарым-қатынасты нығайтуға арналған қарапайым кеңестерге назар аударуға бағытталған.

Ұйымдастырушылар отбасыларды телефондарын бір сәтке шетке қойып, бірге жиналып, жақындарымен әңгімелесуге және бір-біріне уақыт бөлуге шақырады.

Отбасы назар аударудан басталады

Әлеуметтік желілерде «Отбасымыздың бір күні» ұранымен #Otbasym2026 жалпыұлттық челленджі басталды, Астана тұрғындары челленджге қатысып, отбасылық сәттерімен бөлісуге шақырылады.

Сонымен қатар отбасыға деген назар тек апталық аясында ғана емес, күн сайын сақталуы маңызды. Өзара түсіністік, қолдау және жауапкершілік мәдениетін нығайту қажет.

Әр отбасы қиын жағдайға тап болған кезде қайда жүгінуге болатынын және қажетті көмекті қайдан алуға болатынын білуі маңызды.

Отбасы күні күнделікті қарбаласта бір сәтке тоқтап, жақындарымызға көбірек көңіл бөлуге және қарым-қатынасты шын мәнінде берік ететін құндылықтар туралы ойлануға мүмкіндік береді.

Сенім, құрмет, қамқорлық және бір-бірін тыңдай білу үйде жылы әрі жайлы орта қалыптастырады. Балалар махаббат пен қауіпсіздік жағдайында өсіп, аға буын әрдайым назар мен қамқорлықты сезінсін.