Елімізде электрокөліктерге арналған қуаттандыру станцияларының желісі кеңейіп келеді

Бүгін, 09:37
Думан Аманжол Думан Аманжол
Елімізде электрокөліктерге арналған қуаттандыру станцияларының желісі кеңейіп келеді
Фото: Көлік министрлігі

Бүгінгі таңда еліміздің негізгі автокөлік бағыттарының бойында Қазақстанның 13 өңірінде орналасқан 62 электр көліктерін қуаттандыру станциясы (ЭҚС) жұмыс істейді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Көлік министрлігіне сілтеме жасап.

Ведомство мәліметінше, оларды дамыту өңірлер арасында қатынайтын электрокөлік иелері үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған.

«Станциялардың ең көп саны Алматы және Жамбыл облыстарында — 12-ден, сондай-ақ Ақмола және Қарағанды облыстарында — 8-ден орналасқан. ЭҚС Атырау, Жетісу, Батыс Қазақстан, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан жәнеТүркістан облыстарында да жұмыс істейді», - делінген хабарламада.

Атап айтқанда, желі елдің әртүрлі көлік бағыттарын қамтиды. Мысалы, «Астана – Алматы» автожолында 13 станция, «Астана – Петропавл» бағытында 7, «Алматы – Өскемен» трассасында 6 станция орналасқан.

Сондай-ақ, халықаралық көлік дәліздері бойында зарядтау инфрақұрылымын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Атап айтқанда, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автожолы бойында 19 электр зарядтау станциясы орнатылған.

Орнатылған ЭҚС-тардың қуаты 60-тан 320 кВт-қа дейінгі аралықты құрайды. Бұл электрокөлік иелеріне негізгі республикалық және халықаралық бағыттар бойынша сапарларын алдын ала жоспарлауға мүмкіндік береді.

«ЭҚС желісін одан әрі кеңейту жұмыстары жалғасуда. 2026 жылға арналған жоспарда халықаралық және республикалық маңызы бар автожолдардың бойында 27 жаңа автожанармай құю станциясын салу көзделген, ал электр көліктерін қуаттандыру станцияларын сол жоспарланған нысандарда орналастыру қарастырылған. Мысалы, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолының бойында 7 ЭҚС орнату жоспарлануда», - деп хабаралады ведомствода.

Еске салсақ, Астана – Қарағанды тасжолының 51-шақырымында жол апаты болып, салдарынан бір адам қаза тапты.