ЖИ-камера Астана – Қарағанды тасжолындағы адам өліміне әкелген жол апатын тіркеді
Астана – Қарағанды тасжолының 51-шақырымында жол-көлік оқиғасы болып, бір адам қаза тапты. Жол апатын жасанды интеллект элементтері бар камералар тіркеген. Бұл туралы Elordainfo.kz «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Бейнежазбада Астана бағытына қарай қозғалып келе жатқан Mercedes көлігінің басып озу маневрін орындау кезінде «Газельмен» бір бағытта соқтығысқаны көрінеді.
Соққыдан кейін «Газель» жүргізушісі көлік тізгініне ие бола алмай, жолдан шығып кетіп, жол жиегінде аударылған.
Жол-көлік оқиғасы салдарынан бір адам қаза тапты. Қазір жол апатының нақты себептері мен мән-жайын құзырлы органдар анықтап жатыр.
«ҚазАвтоЖол» жүргізушілерді белгіленген жылдамдық режимін және жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырды. Сондай-ақ басып озу алдында жолдағы жағдайды мұқият бағалаудың маңызын ескертті.
«Жол үстіндегі бір ғана тәуекелді әрекеттің құны адам өміріне тең болуы мүмкін», – деп ескертті мамандар.
Бұған дейін Астанада 9 мыңнан астам электр скутері коммуналдық тұраққа қойылғанын жазғанбыз.