Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесі өнеркәсіптік пайдалануға берілді
Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру аясында әзірленген Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесі (СРҰАЖ) өнеркәсіптік пайдалануға берілді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Су ресурстары және ирригация министрлігіне сілтеме жасап.
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов саланы цифрландыру мәселелері бойынша аппарат кеңесін өткізді. Ақпараттық жүйе су нысандары, су шаруашылығы инфрақұрылымы, су пайдаланушылар, жерасты суы және саланың басқа да элементтері туралы деректерді біріктіреді. Жүйенің негізгі мақсаты – басқарушылық шешімдер қабылдау үшін бірыңғай, сенімді әрі өзекті деректер базасын қалыптастыруды қамтамасыз ету. Ақпараттық жүйені министрліктің «Су ресурстарының ақпараттық-талдау орталығы» КЕАҚ әзірледі.

Бүгінде Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесінде 23 мыңнан астам су нысаны туралы деректер цифрландырылып, жүйеленді. Оның ішінде 17 758 өзен, 3 148 көл және 1 207 гидротехникалық нысан бар.
Сонымен қатар жүйеде шамамен 3 мың ұйым мен 4 мыңнан астам пайдаланушы тіркелген, су шаруашылығы және гидротехникалық нысандардың 9 мыңға жуық цифрлық паспорты енгізілген. Сондай-ақ 2,2 мыңнан астам бастапқы су есебі жөніндегі есеп пен 1,3 мыңнан астам 2-ТП нысанындағы есеп қабылданды.
«Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесінің функционалы су балансын жүргізуді, су пайдалануды есепке алу мен талдауды, су қоймаларының жай-күйін мониторингтеуді, трансшекаралық су нысандары жөніндегі деректермен жұмыс істеуді, сондай-ақ ғарыштық мониторингті қамтиды. СРҰАЖ-ды енгізу экономиканың тұрақты дамуы мен еліміздің су қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін су ресурстарын басқарудың кешенді, көпдеңгейлі жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік береді», – деді министр Нұржан Нұржігітов.
Министрлік сондай-ақ каналдар арқылы су беру бойынша тұтынушылармен электронды келісімшарттар жасасуды, онлайн төлем жүргізуді және су ресурстарын автоматтандырылған есептеуді көздейтін Су тұтынуды ерте болжау жүйесін тәжірибелік пайдалануға берді. Бүгінде келісімшарт жасасу процесі толықтай электронды форматқа көшірілді. Жыл басынан бері шаруалармен 29 мыңнан астам келісім жасалды.
Еске салсақ, Қорғалжын қорығына 40 млн текше метр су жіберілді.