Қазақстандық анимациялық фильм Қытайдағы халықаралық байқауда топ-15-ке енді
Қазақстандық режиссер Жәнібек Нұрбекұлының «ADAM: Нәртәуекел» толықметрлі 3D анимациялық фильмі Қытайдағы XIII Халықаралық Жібек жолы кинофестивалінің балалар киносы байқауында үздік 15 туындының қатарына енді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Сиань қаласында өтетін кинофестиваль аясында биыл алғаш рет балалар киносына арналған арнайы «Жібек жолы балаларының бірге сапары · Балалар кино маусымы» бөлімі ұйымдастырылды.
Байқауға Жібек жолы бойындағы мемлекеттер мен өңірлерден барлығы 61 балалар фильмі ұсынылған. Оларды 15 академиялық сарапшыдан құралған комиссия балаларға тән шынайы көзқарас, оқиғаның әсерлілігі, мәдени ерекшелік, көркемдік деңгей және жаңашылдық секілді өлшемдер бойынша бағалаған.
Нәтижесінде 61 фильмнің ішінен 15 үздік туынды таңдалып, финалдық кезеңге жолдама алды. Олардың қатарында қазақстандық «ADAM: Нәртәуекел» анимациялық фильмі де бар.
Енді фильм халықаралық кинофестивальдің соңғы сараптау кезеңінде бақ сынайды. Жеңімпаздар мен арнайы марапат иелері 23 қыркүйекте өтетін қазылар алқасының қорытынды шешімімен анықталады.
Айта кетейік, жаңа балалар киносы бөлімі Жібек жолы бойындағы елдер мен өңірлер балаларының кино және мәдениет саласындағы шығармашылық байланысын нығайтуға, сондай-ақ балалар киносының дамуына қолдау көрсетуге бағытталған.
Бұдан бұрын режиссер Әліби Мұқышевтің «No Good In Sight: A Story» фильмі 28-ші Шанхай халықаралық кинофестивалінде көрсетілетінін жазған едік.