Қазақстан мен Қытай қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты кеңейтеді

Қазақстан мен Қытай қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты кеңейтеді
Фото: Polisia.kz

Қазақстан мен Қытай «Қорғас» халықаралық шекара маңы ынтымақтастығы орталығының аумағында қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету туралы келісімге қол қойды. Бұл туралы Elordainfo.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды. 

Құжат Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі Ержан Саденовтің Бейжіңге жұмыс сапары барысында Қытай Халық Республикасының қоғамдық қауіпсіздік министрі Ван Сяохунмен өткен екіжақты кездесуінің қорытындысы бойынша жасалды.

Кездесуде тараптар өңірлік қауіпсіздік, трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа, есірткінің заңсыз айналымына, киберқылмысқа және басқа да қазіргі заманғы қатерлерге қарсы іс-қимыл мәселелерін талқылады.

Қол қойылған келісім «Қорғас» халықаралық шекара маңы ынтымақтастығы орталығында қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша екі елдің құзыретті органдарының өзара іс-қимыл тәртібін айқындайды.

Бұл тетіктер құқық бұзушылықтардың алдын алуға, туындаған қатерлерге жедел ден қоюға және орталық аумағындағы азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар Қазақстан мен Қытай азаматтарының ұлттық жүргізуші куәліктерін өзара тану және алмасу жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді. Бұл екі ел азаматтары үшін тиісті рәсімдерді жеңілдетіп, өзара сапарларға қолайлы жағдай жасауға бағытталған.

Қазақстан ІІМ мен Қытайдың қоғамдық қауіпсіздік министрлігі арасындағы келіссөздер барысында қауіпсіздік саласындағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту және ортақ қатерлерге бірлесіп қарсы тұру мәселелері де қаралды.