Ірімшік, ірі қара және e-commerce: Астана әуежайында тамызда қандай жүктер өңделді

Ірімшік, ірі қара және e-commerce: Астана әуежайында тамызда қандай жүктер өңделді
Фото: Астана халықаралық әуежайы

Астана халықаралық әуежайының жүк терминалы тамыз айында 1,5 мың тоннадан астам жүк пен пошта жөнелтілімін өңдеді. Бұл туралы Астана халықаралық әуежайының баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Тамыз айында жүк терминалы арқылы күнделікті тұтыну тауарлары, курьерлік жөнелтілімдер, жоғары технологиялық жабдықтар, қосалқы бөлшектер, фармацевтикалық өнімдер мен пошта жөнелтілімдері тасымалданды.

Сонымен қатар әуежайда арнайы чартерлік рейстер, температуралық режимді қажет ететін жүктер, тірі жануарлар және электрондық коммерция тауарлары өңделді.

94 тонна ірімшік жеткізілді

Тамыз айында жүк терминалы жалпы салмағы 94 тонна премиум санаттағы ірімшік өнімдері тиелген екі арнайы чартерлік рейсті қабылдады.

Мұндай жүктерді тасымалдау кезінде температуралық режимді қатаң сақтау қажет. Әуежай мамандары өнімді әуе кемесінен түсіріп алудан бастап алушыға тапсырғанға дейінгі барлық кезеңде белгіленген талаптардың орындалуын қамтамасыз етті.

95 тонна ірі қара тиелген арнайы рейс өңделді

Бір ай ішінде терминал мамандары жалпы салмағы 95 тонна ірі қара мал тиелген арнайы рейске де қызмет көрсетті.

Тірі жануарларды тасымалдау кезінде халықаралық талаптарға сәйкес арнайы рәсімдер сақталады. Әуежай мамандары жүктердің AVI санатына қойылатын талаптардың орындалуын қамтамасыз етті.

Еуропаға 168 тонна e-commerce жүгі жөнелтілді

Астана әуежайында транзиттік тасымал мен «авто – авиа» мультимодальды логистикалық бағыты да дамып келеді.

Тамыз айында жүк терминалы электрондық коммерция тауарларын жеткізген 15 транзиттік жүк көлігіне қызмет көрсетті. Жалпы салмағы шамамен 168 тонна e-commerce жүгі автокөлікпен Астанаға жеткізіліп, әуежайда өңделгеннен кейін Еуропаға әуе көлігімен жөнелтуге дайындалды.

Әуежай баспасөз қызметінің мәліметінше, тұрақты жүк тасымалы көлемінің артуы және транзиттік бағыттардың дамуы жүк айналымының өсуіне ықпал етіп отыр.

2026 жылдың қаңтар-тамыз айларында Астана халықаралық әуежайында 10,4 мың тонна жүк пен пошта өңделген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 20%-ға көп.

Бұған дейін Қазақстан 13,9 млн тонна астық пен ұн экспорттағанын жаздық.