«Астанаға және оның тұрғындарына қызмет етіп келеміз»: елордалық энергетиктің бір күні

Бүгін, 15:34
Думан Аманжол Думан Аманжол
«Астанаға және оның тұрғындарына қызмет етіп келеміз»: елордалық энергетиктің бір күні
Фото: Астана қаласының әкімдігі

Елімізде қыркүйек айының соңғы жексенбісінде Еңбек күні аталып өтеді. Бұл күн адал еңбектің, кәсіби шеберлік пен жауапкершіліктің маңызын, сондай-ақ түрлі сала мамандарының ел дамуына қосып жүрген үлесін айшықтауға арналған. Осы мереке қарсаңында «Астана-Энергия» АҚ №2 жылу электр орталығының электромонтері Алтынбек Байқуатов өз мамандығы және елордалық энергетиктердің күнделікті жұмысы туралы айтып берді, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Алтынбек Байқуатов Ақтөбе облысында дүниеге келген. Астанада Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетін «Аграрлық техника және технология» мамандығы бойынша тәмамдаған. Университетті бітірген соң кәсіби жолын энергетика саласымен байланыстыруға шешім қабылдаған.

«Алған білімім әртүрлі бағытты таңдауға мүмкіндік берді. Алайда еңбек жолымды энергетика саласымен байланыстыруды жөн көрдім. Еңбек жолымды Алматыда бастап, онда екі жыл жұмыс істедім. Қазір Астанада №2 жылу электр орталығында еңбек етіп жүрмін. Энергетика саласында жүргеніме бес жылдан асты», – деді Алтынбек Байқуатов.

Қазір оның негізгі маманданған бағыты – электр жабдықтарының оқшауламасы мен орамдарын жөндеу. Бұл жұмыс жоғары дәлдікті, техникалық білім мен тәжірибені талап етеді. Себебі күрделі жабдықтардың алдағы уақытта сенімді жұмыс істеуі жөндеу сапасына тікелей байланысты. Алтынбек Байқуатов қатысқан ең жауапты жұмыстардың бірі – 2024 жылы №4 турбогенератордың орамындағы ақауды жою. Жөндеу жұмысы аяқталған соң жабдық уақытында қайта іске қосылған.

Электромонтер сонымен қатар кернеуі 110-220 кВ болатын күштік трансформаторлардың орамдарын диагностикалау және қалпына келтіру, реакторлар мен турбогенераторларды жөндеу жұмысымен айналысады. Оның айтуынша, жылу электр орталығының жабдықтары жыл бойы жұмысқа дайын болуы керек. Әсіресе елордадағы энергетикалық жүйеге түсетін жүктеме артатын жылу беру маусымы қарсаңында жабдықтарға уақытылы қызмет көрсету маңызды.

«Қыста да, жазда да электрмен жабдықтау жүйесі үнемі жұмысқа дайын болуы қажет. Уақыт өте келе жабдықтар тозады. Сондықтан оларға уақытылы қызмет көрсетіп, жаңартып отыру керек. Нысандарда сенімді резерв те болуы тиіс», – деп түсіндірді ол.

Атап өтерлігі, энергетиктердің еңбегінің басым бөлігі қала тұрғындарына байқала бермейді. Жабдықтар қалыпты жұмыс істеп тұрғанда, олардың сенімділігін күн сайын қамтамасыз етіп жүрген мамандар туралы көпшілік ойлана бермейді.

«Көптеген тұрғын үйіндегі жылу мен жарықтың біздің үздіксіз еңбегіміздің нәтижесі екенін ойлай бермейді. Ал біз осылайша Астанаға және оның тұрғындарына қызмет етіп келеміз», – деді электромонтер.

Алтынбек Байқуатов үшін жұмысшы мамандығы – отбасындағы еңбек дәстүрінің жалғасы. Оның әкесі мен атасы да қарапайым еңбекпен нәпақа тапқан. Энергетиктің пікірінше, заманауи технологиялар дамыған сайын білікті маманның тәжірибесі, шеберлігі мен жауапкершілігі өз маңызын жоғалтпайды.

«Мен өз мамандығымды шын жүрегіммен мақтан тұтамын. Өндірісте шынымен мінезі мығым адамдар еңбек етеді. Практикалық дағдылары бар жұмысшы маманды автоматтандыру да, жасанды интеллект те алмастыра алмайтынына сенімдімін. Соңғы уақытта еңбек адамының қадірі қайта артып келе жатқаны қуантады», – деп ой бөлісті ол.

Алтынбек Байқуатов болашақта жинақтаған тәжірибесін жаңа бағытта қолданғысы келеді.

«Қазақстанда атом электр станциясын салу басталған кезде мен де еліміздің атом энергетикасын дамытуға өз үлесімді қосқым келеді», – деп түйіндеді маман.