«Әр секунд маңызды: астаналық фельдшер еңбек жолы туралы
Жедел жәрдем қызметі – шұғыл шешім қабылдауды, жоғары жауапкершілікті және салқынқандылықты талап ететін сала. Ал фельдшер үшін әрбір шақырту әдепкі бола бермейді, маман кез келген жағдайға тастүйін дайын болуы керек. «Еңбек жолы» байқауының «Үздік жас өндіріс қызметкері» номинациясы бойынша үшінші орын иегері, Астана қаласының жедел медициналық жәрдем қызметі бригадасының фельдшері Әйгерім Мұқашева өз мамандығы туралы осылай дейді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
«Мен бұл кәсіпті кездейсоқ таңдаған жоқпын. Әрдайым адамдарға көмектескім келетін. Жұмысымның негізгі мақсаты да осы – науқасқа дер кезінде қажетті медициналық көмек көрсету», – дейді маман.
Оның айтуынша, жедел жәрдем шақыртуы пациенттің үйінде ғана емес, көшеде, сауда орталығында немесе кез келген басқа жерде болуы мүмкін. Мұндайда эмоцияға берілмей, күйзелісті жағдайда әрекет ету қажет.
«Әр шақырту әртүрлі. Оның қалай өрбитінін алдын ала болжау мүмкін емес. Шақырту себебі алғашқы хабарланғандай бола бермейді. Сондықтан оқиға орнына барған сәтте жағдайды бірден бағамап, сол сәтте тез әрі дұрыс шешім қабылдау қажет. Иә, бұл мамандықтың қиындығы – шақырту кезінде қандай жағдайға тап болатыныңды ешқашан алдын ала білмейтініңде. Мен өз мамандығымды осы ерекшелігімен жақсы көремін», – дейді ол.
Жылдар бойы жинақталған тәжірибе арқасында маман бүгінде науқастың жағдайын айтпай-ақ түсіне алатын болған. Оның айтуынша, кейде адам өзінің жағдайын толық түсіндіре алмауы мүмкін. Мұндай кезде медицина қызметкерінің байқағыштығы мен тәжірибесі маңызды рөл атқарады.
Жедел жәрдемдегі жұмыс жас маманға қалыпты емес жағдайларда шешім қабылдауды ғана емес, ұжыммен жұмыс істеуді және әртүрлі адамдармен тіл табысуды да үйреткен.
«Бұл жұмыс мені жауапкершілікке, сабырлылыққа, төзімділікке, дұрыс шешім қабылдауға және кәсіби дағдыларымды үнемі жетілдіруге үйретті», – дейді фельдшер.
Медицина қызметкерлері кәсіби білімін тұрақты түрде жетілдіріп отырады. Жыл сайын біліктілікті арттыру курстарынан өтіп, дәрістерге қатысып, кәсіби байқауларда да өз әлеуетін сынайды. Маманның ойынша, мұндай шаралар тәжірибе алмасып, жаңа білім мен дағдыларды меңгеруге мүмкіндік береді.
Ал фельдшер жұмысы үшін ең үлкен марапат – науқастың жағдайының жақсаруы және оның ақжарма алғысы.
«Науқастың жағдайы жақсарып, өзінен немесе оның жақындарынан «рақмет» деген сөзді естігенде, атқарып жүрген жұмысымның қаншалықты маңызды екенін түсінемін. Осындай сәттерде мамандығымды дұрыс таңдағанымды түсінемін», – дейді кейіпкер.
«Еңбек жолы» байқауы да жас маман үшін кәсіби дамудың бір кезеңіне айналған. Байқау барысында ол өз білімін, тәжірибесі мен кәсіби дағдыларын сынап, еңбегінің нәтижесін көрсетуге мүмкіндік алды.
«Мен үшін бұл байқау жай ғана бәсекелестік емес, кәсіби тұрғыдан өсуге, тәжірибе алмасуға және өз саламда әрі қарай дами түсуге мүмкіндік берді», – деп атап өтті Әйгерім Мұқашева.
Еске салайық, бұған дейін «Астана Энергия» АҚ-ның №2 жылу-электр орталығының Турбина цехінде машинист-бақылаушы болып еңбек ететін Ералы Хамзин туралы жаздық.