Ералы Хамзин: Біздің басты мақсатымыз – жылу мен энергияның тұрақты әрі қауіпсіз берілуін қамтамасыз ету

27 қыркүйек, 2026
Ернұр Сағымбек Ернұр Сағымбек
Ералы Хамзин: Біздің басты мақсатымыз – жылу мен энергияның тұрақты әрі қауіпсіз берілуін қамтамасыз ету
Фото: Ералы Хамзиннің жеке мұрағатынан

Еңбек күніне орай елорданың жылу-энергетикалық жүйесінің тұрақты жұмысын қамтамасыз етіп жүрген маманмен сұхбаттастық. «Астана Энергия» АҚ-ның №2 жылу-электр орталығының Турбина цехінде машинист-бақылаушы болып еңбек ететін Ералы Хамзин күнделікті жұмысы, энергетика саласындағы жауапкершілік және Астана тұрғындарын жылумен қамтамасыз етудегі еңбегі туралы айтып берді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

– Турбина цехіндегі негізгі қызметіңіз қандай және күнделікті жұмысыңыздың ең маңызды бөлігі неден тұрады?

– Менің негізгі қызметім – ЖЭО-дағы жылу-энергетикалық жабдықтардың тұрақты әрі қауіпсіз жұмысын бақылау. «Астана Энергия» АҚ-да 2023 жылдың 1 тамызынан бастап Турбина цехінің машинист-бақылаушысы болып еңбек етіп келемін. Күнделікті жұмыс барысында жабдықтардың жағдайын тексеріп, көрсеткіштерін бақылап отырамыз. Егер қандай да бір ауытқу байқалса, оны дер кезінде анықтап, тиісті шара қолдануға қатысамыз. Бұл жұмыста ұқыптылық пен әрбір детальға мән беру өте маңызды.

– Жұмысыңызда ең басты назарда не тұрады?

– Бірінші орында – қауіпсіздік пен жауапкершілік. Себебі ЖЭО – үздіксіз жұмыс істеуі қажет үлкен энергетикалық нысан. Мұнда кез келген жабдықтың дұрыс жұмыс істеуі мыңдаған адамның тұрмысына әсер етеді. Сондықтан өз міндетіңді уақытында әрі сапалы орындау ғана емес, әр шешімге жауапкершілікпен қарау маңызды деп есептеймін.

– Турбина цехіндегі бір жұмыс күніңіз қалай өтеді?

– Жұмыс күніміз ауысымды қабылдаудан басталады. Алдыңғы ауысымнан жабдықтардың жағдайы, болған өзгерістер мен ескертулер туралы ақпарат аламыз. Одан кейін бекітілген учаскелерді аралап, жабдықтардың жұмысын, көрсеткіштерін, қысымын, температурасын және басқа да параметрлерін бақылап отырамыз. Қажет болған жағдайда жабдықтарды іске қосу немесе ажырату жұмыстарына қатысамыз, ақауларды дер кезінде анықтап, тиісті мамандарға хабарлаймыз. Күн соңында өз кезегіміздегі барлық ақпаратты келесі ауысымға нақты жеткізуге міндеттіміз.

– Астана тұрғындары үшін энергетиктердің еңбегінің маңызы қандай?

– Біздің жұмысымыздың нәтижесі халықтың күнделікті өмірімен тікелей байланысты. Әсіресе қыс мезгілінде үйлердің жылуы мен қаланың қалыпты өмір сүруі энергетиктердің еңбегіне тәуелді. Тұрғындар үйлерінде жылу мен жайлылық болған кезде, оның артында тәулік бойы жұмыс істейтін үлкен энергетикалық жүйе мен мамандардың еңбегі тұрғанын көп жағдайда байқай бермейді. Сондықтан біздің басты мақсатымыз – жылу мен энергияның тұрақты әрі қауіпсіз берілуін қамтамасыз ету.

– Астанада қыс мезгілінде, әсіресе аязды күндері, жұмыстың қарқыны қалай өзгереді?

– Қыс мезгілі – энергетиктер үшін ең жауапты кезеңдердің бірі. Аяз күшейген сайын жылуға деген сұраныс та артады, сәйкесінше жабдықтарға түсетін жүктеме көбейеді. Сондықтан мұндай уақытта бақылау мен қадағалауды күшейтіп, жабдықтардың әрбір көрсеткішіне мұқият қараймыз. Жұмыс қарқыны жоғары болғанымен, ең бастысы – сабырлылық, тәртіп және қауіпсіздік талаптарын сақтау. Өйткені аязды күндері біздің жұмысымыздың маңыздылығы ерекше сезіледі.

– Сіздің мамандығыңызда көпшілік біле бермейтін, бірақ аса маңызды қандай жұмыс бар?

– Көпшілік ЖЭО-дағы жұмысты тек үлкен қазандықтар мен турбиналарды бақылаумен байланыстырады. Бірақ оның артында көзге көрінбейтін көптеген маңызды жұмыстар бар. Мысалы, жабдықтарды үнемі аралап тексеру, дыбысына, діріліне, температурасына және көрсеткіштеріне назар аудару, кішкентай ауытқуларды ерте анықтау үлкен ақаудың алдын алуы мүмкін. Кейде бір ғана көрсеткіштің өзгерісіне дер кезінде мән беру маңызды жағдайдың алдын алады.

– Еңбегіңіздің нәтижесін көрген кезде өзіңізді қалай сезінесіз?

– Мен үшін энергетика саласы – жай ғана мамандық емес, үлкен жауапкершілік. Себебі біздің күнделікті еңбегіміз қаланың қалыпты өміріне өз үлесін қосады. Жұмыстың нәтижесі тұрғындардың үйлеріне жылудың тұрақты берілуінен көрінеді. Осы салада тәжірибе жинап, кәсіби тұрғыдан дамып, елге еңбегімді сіңірсем деген мақсатым бар.

– Сұхбатыңызға рақмет!