Ағайынды Айсұлтан мен Нұрсұлтан Кемаладиновтер Астанадағы №6 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде жеті жылға жуық уақыттан бері қызмет етіп келеді. Егіздердің кәсібі де, алға қойған мақсаты да ортақ, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.
Бауырлардың құтқарушы мамандығын таңдауына өрт сөндіруші болып жұмыс істейтін ағалары Айдархан Кемаладинов себеп болған. Бала кезінен ағаларын үлгі тұтқан егіздер кейін оның жолын жалғастырды.
Айсұлтан мен Нұрсұлтан Қызылорда облысының Арал ауданында дүниеге келген. Әскер қатарында азаматтық борыштарын өтеп келгеннен кейін елордадағы өрт сөндіру қызметіне орналасады. Содан бері елорда тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін күн-түн демей еңбек етіп жүр.
Қос құтқарушы бүгінде азаматтық қорғау саласында ұзақ жыл қалтқысыз еңбек етіп, ерлік жасаған аға буынмен қоян-қолтық жұмыс істегендерін мақтан тұтады. Әсіресе, қызметтік міндетін орындау кезінде қаза тапқан, есімі өздері еңбек ететін бөлімге берілген Асқар Забикулинді батырлық пен адалдықтың үлгісі санайды.
Олар қызметке алғаш орналасқан кезде ұжымдағы ең жас қызметкерлердің қатарында болған. Азаматтық қорғау саласында ұзақ жыл еңбек еткен мамандардан көп нәрсе үйренген. Бірақ осы тәжірибелерімен тоқтап қалмай, шыңдала бермек. Олар алдағы уақытта жоғары білім алып, офицерлік құрамда қызмет етуді жоспарлап отыр.
Ағайындылардың айтуынша, құтқарушы болу үшін құр батылдық жеткіліксіз. Бұл мамандық иелерінен физикалық төзімділік, шапшаңдық, психологиялық тұрақтылық пен жоғары жауапкершілік талап етіледі.
«№6 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері бір тәулік жұмыс істеп, үш тәулік демалады. Алайда демалыс күндері де төтенше жағдайларға байланысты қызметке жұмылдырылуы мүмкін. Қажет болған жағдайда құтқарушылар күшейтілген жұмыс режиміне көшеді. Мұндайда құтқарушылар арқаны кеңге салмай, тас түйін дайын отырады», - дейді олар.
Айсұлтан мен Нұрсұлтанның айтуынша, олардың бөлімшесі тек елордадағы өрттерге ғана емес, өңірлердегі ірі төтенше жағдайларға да көмекке барады.Мәселен, 2024 жылы еліміздің бірнеше аймағында болған су тасқынының салдарын жоюға және Семей орманындағы өртті сөндіруге қатысқан.
Күнделікті қызмет барысында өрт оқиғаларынан бөлек, жол-көлік апаттарына ұшырағандарға, суға бату қаупіне тап болғандарға және жеделсатыда қамалып қалған адамдарға көмек көрсетеді. Құтқарушылардың басты міндеті – оқиға орнына жедел жетіп, ең алдымен адам өмірін сақтап қалу.
«Біз үшін төтенше жағдайдың үлкен-кішісі жоқ. Әр шақыртуға сақадай сай дайын болып барамыз. Қажет болса, зардап шеккендерге алғашқы медициналық көмек көрсетеміз. Мұндай жұмыста адамның психологиялық тұрғыдан төзімді болуы да маңызды», – дейді Айсұлтан.
Құтқарушылар жұмысының басты талаптарының бірі – жеделдік. Шақырту түскен сәттен бастап арнайы жасақ бір минут ішінде бөлімшеден шығып, оқиға орнына жетуге асығады. Өрт сөндіру көлігінде жүргізушіден бөлек төрт құтқарушы болады. Олардың қорғаныс киімі мен қажетті жабдықтарының салмағы 30 келіге дейін жетеді. Ал сығылған ауамен тыныс алуға арналған аппараттың салмағы шамамен 12 келі.
Әлбетте, мұндай ауыр жабдықпен жұмыс істеу, жоғары қысыммен берілетін суды бағыттау және қауіпті ортада әрекет ету үшін үлкен күш пен тәжірибе қажет.
«Біз қатысқан күрделі оқиғалардың бірі – елордадағы «7 бөшке» тұрғын үй кешенінде болған өрт. Тілсіз жау ғимараттың алтыншы қабатынан басталып, 16-қабатқа дейін тараған болатын. Өртті сөндіруге бірнеше бөлімшенің қызметкерлері жұмылдырылды. Оқыс оқиға кезінде үйде қалып қойған тұрғындарды эвакуацияладық, қызыл жалынды да ауыздықтадық», - Нұрсұлтан.
Бүгінде егіздер әріптестерімен бірге елорда тұрғындарының қауіпсіздігін тәулік бойы қамтамасыз етіп келеді. Бұл үшін құтқарушылардың әлеуметтік жағдайы да оңтайландырылғанын айтады олар. Жалақыдан бөлек, тұрғын үйді жалға алуға арналған төлем қарастырылған. Қызмет барысында қажетті техника мен арнайы құрал-жабдықтар да бар. Иә, адам өмірі үшін от пен суға түсуден тайынбайтын бүгінгі күннің батырлары үшін қандай құрмет те артық емес.