Асыраушысынан айырылғандарға жәрдемақы қалай төленеді
Асыраушысынан айырылған азаматтарға қандай жағдайда жәрдемақы тағайындалады және бала кезінен мүгедектігі бар адамдарға қандай қосымша қолдау көрсетіледі? Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі түсіндірді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақы отбасын қамтамасыз еткен адамнан айырылып, объективті себептерге байланысты өзін-өзі дербес қамтамасыз ете алмайтын адамдарға тағайындалады.
Сонымен қатар бала кезінен мүгедектігі бар азаматтарға асыраушысынан айырылуына байланысты жәрдемақы мөлшерінде қосымша төлем қарастырылған. Ол кәмелетке толғанға дейін, ал оқуын жалғастырған жағдайда оқу орнын аяқтағанға дейін, бірақ 23 жасқа толғанға дейін төленеді.
Белгіленген жасқа толғаннан немесе оқуын аяқтағаннан кейін бұл қосымша төлем тоқтатылады. Алайда бұл мемлекеттік қолдаудың толық тоқтатылуын білдірмейді.
Азаматтың жеке қажеттіліктеріне қарай абилитациялау мен оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес әлеуметтік қолдау шаралары жалғаса береді. Олардың қатарында оңалтудың техникалық құралдары мен қызметтері, медициналық, әлеуметтік және кәсіптік оңалту, протездік-ортопедиялық көмек, міндетті гигиеналық құралдар, кресло-арбалар, санаторийлік-курорттық емдеу, жеке көмекші және ымдау тілі маманының қызметтері бар.
Тұрақты күтімді қажет ететін азаматтарға арнаулы әлеуметтік қызметтер де көрсетіледі. Мұндай қызметтер арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсынатын ұйымдарда немесе үй жағдайында берілуі мүмкін.
«Осылайша, әлеуметтік қорғау жүйесі азаматтың өмірлік және денсаулық жағдайын, сондай-ақ жеке қажеттіліктерін ескере отырып, мемлекеттік қолдаудың түрлі тетіктерін қарастырады», – деді министрліктен.
Бұған дейін Астананың әлеуметтік салаға жұмсайтын шығыстары төрт жылда 2 есе өскенін жаздық.