Қазақстанда 2026 жылдың алғашқы тоғыз айында мемлекеттік еңбек инспекторларының араласуымен 56 мыңнан астам жұмысшының еңбек құқығы қорғалды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Министрлік мәліметінше, 1 қазандағы жағдай бойынша еңбек заңнамасының сақталуына қатысты 5,7 мыңнан астам тексеру жүргізілген. Нәтижесінде анықталған заңбұзушылықтарды жою туралы жұмыс берушілерге нұсқамалар беріліп, қызметкерлердің құқықтарын қалпына келтіру шаралары қабылданды.
Тексерулер барысында бірқатар кәсіпорында жалақы бойынша берешек анықталған. Оларды өтеу үшін жұмыс берушілермен бірлесіп, арнайы кестелер бекітіліп, орындалуы мемлекеттік еңбек инспекторларының бақылауына алынды.
Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысындағы «Москворецкое» ЖШС-нің 93 қызметкеріне екі ай бойы еңбекақы төленбеген. Жоспардан тыс тексеру кезінде кәсіпорынның қыркүйек-қазан айларына қатысты 48,8 млн теңге жалақы берешегі бары анықталды.
Тексеру қорытындысында жұмыс берушіге берешекті өтеу туралы нұсқама беріліп, әкімшілік айыппұл салынды.
Министрлік мәліметінше, жалақы берешегін өтеу бойынша қабылданған шаралардың нәтижесінде жүздеген жұмысшының еңбек құқығы қалпына келтірілген.
Ведомство еңбек заңнамасының сақталуын, жалақының уақтылы төленуін және жұмыс берушілердің қызметкерлер алдындағы міндеттемелерін орындауын бақылауды жалғастырады.
Бұған дейін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қызметтерінің 92 пайызы электронды форматқа көшкені туралы жазған едік.