Ербол Жолданғар: Департаменттің бақылау жұмысы меморгандардың жұмыс сапасын арттыруға бағытталған
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Астана қаласы бойынша департаментінің басшысы Ербол Жолданғар мемлекеттік қызмет алудағы азаматтың құқығын түсіндіріп берді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
- Ербол Қабдығалиұлы, әрбір азаматтың күнделікті тұрмысында мемлекеттік қызметтердің атқаратын рөлі қандай?
- Адам баласы дүниеге келген сәттен бастап өмір бойы бұл саламен тығыз байланыста болады. Ең алғашқы құжат-туу туралы куәлікті рәсімдеуден бастап, баланы балабақша мен мектепке орналастыру, емханаға бекітілу, тиісті жәрдемақыларды алу, анықтамалар әзірлеу және жылжымайтын мүлікті тіркеу сияқты кез келген маңызды қадамдар тікелей осы мемлекеттік қызметтер арқылы жүзеге асады.
- Ербол Қабдығалиұлы, тәжірибеде мемлекеттік қызмет алу кезінде қандай олқылықтар жиі кездеседі және азаматтар өз құқығын қалай қорғай алады?
- Тәжірибеге сүйенсек, бұл салада белгіленген мерзімнің сақталмауы, артық құжатты талап ету, негізсіз бас тарту және азаматтарға жеткілікті әрі нақты ақпараттың берілмеуі сияқты кедергілер жиі көрініс табады. Бұл жағдай халықтың заңды құқықтарының шектелуіне әкеледі. Мұндай мәселеге тап болған кезде азаматтар уәкілетті мекемелерге жазбаша немесе электронды түрде өтініш түсіру, «Электрондық үкімет» порталын немесе «E-Otinish» бірыңғай жүйесін пайдалану, EgovKzBot2.0 Telegram-боты арқылы хабарласу, сондай-ақ тікелей аумақтық департаментке барып шағымдану арқылы өз құқықтарын қорғай алады.
- EgovKzBot2.0 Telegram-боты арқылы келіп түсетін хабарламалар мен шағымдарды департамент қалай өңдейді?- Т
Тұрғындардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіру, көрсетілетін қызмет сапасын жақсартып, мемлекетке деген сенімді нығайту мақсатында EgovKzBot2.0 Telegram-боты сәтті жұмыс істеп тұр. Жыл басынан бері осы платформа арқылы жүзден астам әртүрлі сұрақ пен шағым қабылданып, департамент мамандары әрбір өтініш бойынша тиісті түсініктеме берді. Нәтижесінде бірнеше азаматтың түйткілді мәселесі оң шешімін тауып, құқықтары толық қалпына келтірілді.
Айталық, жақында Telegram-бот арқылы бір азаматшадан ресми құжатты апостильдеу мерзімінің бұзылуына қатысты шағымы түсті. Тұрғын 20 шілдеде өтінім беріп, регламент бойынша 1 жұмыс күні ішінде жауап алуы тиіс болса да, жүйеде өтініш ұзақ уақыт «өңделуде» күйінде қалып қойған. Департаменттің араласуымен жүргізілген тексеріс барысында, ақпараттық жүйедегі техникалық іркіліске байланысты өтінімнің уәкілетті органға кешігіп түскені белгілі болды. Қысқа мерзім ішінде жүйелік ақау толық жойылып, өтініш орындалды және азаматшаның бұзылған заңды құқығы қалпына келтірілді.
Сонымен қатар, тағы бір азаматшадан да маңызды шағым келіп түсті. Өтініш иесі «Digital», «eGov Mobile» және «ИС ЭСФ» жүйелерінде биометриялық сәйкестендіруден өте алмай, салдарынан жұмыс барысында құжаттаманы уақытылы тапсыра алмай жүргенін хабарлаған. Департамент уәкілетті оператор «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-мен бірлесе отырып, жүйедегі техникалық ақауды анықтады. Салдарынан азаматшаның профилі жаңартылып, биометриялық деректері толық қалпына келтірілді және ол жүйені қайта кедергісіз пайдалану мүмкіндігіне ие болды.
- Бақылау жұмыстарының басты қорытындылары қандай?
- Бақылау нәтижесі көрсеткендей, мемлекеттік қызмет саласында әлі де адами фактор мен техникалық олқылықтар сияқты екі негізгі кедергі сақталып отыр. Кейбір қызмет берушілер тарапынан істі созбалаңға салу немесе негізсіз талаптар қою жағдайлары кездескенде, біздің араласуымыз мәселені жедел шешуге және жауапты тұлғалардың жауапкершілігін қарауға мүмкіндік береді. Ал ақпараттық жүйелердегі іркіліс салдарынан өтінімдердің кешігуі де жиі ұшырасады. Түйіндей айтқанда, департаменттің бақылау жұмысы бюрократиялық кедергіні жойып, мемлекеттік органдардың жұмыс сапасын арттыруға бағытталған. Біз үшін ең басты меже - әрбір өтініштің заң аясында, сапалы әрі өз уақытында орындалуы.
- Ербол Қабдығалиұлы, сұхбатымыздың соңында оқырмандарға қандай түйінді ой айтар едіңіз?
- Азаматтардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіру - бұл тек мемлекеттік міндет қана емес, азаматтар мен билік арасындағы сенімнің берік негізі. Әрбір тұрғын сапалы қызмет алуға құқылы және бұл құқықтардың орындалуы біздің Департаменттің тұрақты бақылауында. Егер қызмет алу барысында құқығыңыз бұзылса, Сарыарқа даңғылы, 13 мекенжайына жазбаша өтініш білдіруге, сондай-ақ «Е-Otinish» бірыңғай платформасы, «электрондық үкімет» порталы немесе «EgovKzBot2.0» Telegram-боты арқылы электронды өтінім жолдауға болады. Департаменттің әлеуметтік желілердегі парақшалары да халық үшін әрдайым ашық.
- Ербол Қабдығалиұлы, бүгінгі мазмұнды әңгімеңізге үлкен рақмет! Мемлекеттік қызмет - ел алдындағы зор жауапкершілік пен биік парасаттылықты талап ететін айрықша міндет. Халықтың сенімін ақтап, осы жауапты салада атқарып жатқан еңбектеріңізге береке, істеріңізге сәттілік тілейміз!