Қызметтік әдеп – мемлекеттік қызметке деген сенімнің негізі

Қызметтік әдеп – мемлекеттік қызметке деген сенімнің негізі
Фото: Оңалхан Өнерхан

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті Әдеп жөніндегі кеңестің кезекті төртінші отырысын өткізді, деп хабарлайды Elordainfo.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Отырыс барысында Астана қаласының Білім басқармасының мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексі нормаларын сақтау бойынша атқарған жұмысы туралы ақпарат тыңдалды.
Сондай-ақ мемлекеттік органдардың әдеп жөніндегі уәкілдерінің 2026 жылдың бірінші жартыжылдығындағы жұмыс қорытындыларына ерекше назар аударылды.

Отырыс қорытындысы бойынша күн тәртібіндегі мәселелер жан-жақты қаралып, тиісті ұсынымдар берілді.
Жалпы, Әдеп жөніндегі кеңес жекелеген құқық бұзушылықтарды қарастырумен ғана шектелмей, жүйелі мәселелерді анықтауға, профилактикалық жұмысты жетілдіруге және қызметтік әдеп нормаларын сақтаудың бірыңғай тәсілдерін қалыптастыруға мүмкіндік беретін маңызды алаң болып табылады. Бұл, өз кезегінде, мемлекеттік қызметте жоғары әдеп стандарттарын нығайтуға және қоғамның мемлекеттік институттарға деген сенімін арттыруға ықпал етеді.
Әдеп — адамның қоршаған ортаға, қоғамға және өз міндеттеріне деген қарым-қатынасын айқындайтын моральдық қағидаттар мен мінез-құлық нормаларының жиынтығы. 

Әдеп нормаларын сақтау мемлекеттік қызмет саласында ерекше маңызға ие, өйткені мемлекеттік қызметшілердің қызметі азаматтармен тікелей өзара іс-қимыл жасауға, басқарушылық шешімдер қабылдауға және мемлекеттік өкілеттіктерді жүзеге асыруға байланысты. Қызметтік тәртіпті нығайтудың, қызметтік әдеп нормаларын сақтаудың және құқық бұзушылықтардың алдын алудың маңызды тетіктерінің бірі — Әдеп жөніндегі кеңес.

Әдеп жөніндегі кеңес кең ауқымды функцияларды атқарады. Атап айтқанда, оның отырыстарында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау қорытындылары, мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы заңнама талаптарының бұзылуының алдын алу, қызметтік әдеп нормаларын сақтау мәселелері, сондай-ақ белгіленген құзырет шегінде мемлекеттік қызметшілерге қатысты жекелеген тәртіптік істер қаралады.
Сонымен қатар, кеңес әдеп жөніндегі уәкілдердің қызметін үйлестіру және олардың мемлекеттік органдардың тәртіптік комиссияларымен өзара іс-қимылы мәселелері бойынша ұсынымдар мен ұсыныстар әзірлейді.