Мас күйде көлік жүргізген павлодарлық жүкті деген жалған анықтамамен қамаудан құтылған
Павлодар облысында жүктілік туралы жалған анықтаманы пайдалану фактісі анықталғаннан кейін прокуратура медициналық құжаттарды беру тәртібіне бақылауды күшейтуге қол жеткізді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Бас прокуратураға сілтеме жасап.
«Жалған анықтама мас күйінде жол-көлік оқиғасын жасаған әйелге әкімшілік қамақтан жалтаруға мүмкіндік берген. Прокуратура анықтаманың жалған екенін анықтап, нәтижесінде сот оған 20 тәулікке әкімшілік қамақ тағайындады. Кейіннен пара алу және дәлелді бұрмалауға қатысты кінәлі тұлға сотталды. Оған 6,6 млн теңге мөлшерінде айыппұл салынып, ол мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқығынан өмір бойына айырылды», делінген хабарламада.
Прокуратура жалған медициналық құжатты пайдалануға мүмкіндік берген жағдайды зерделеді. Прокурорлық қадағалау актісі бойынша 5 лауазымды тұлға, оның ішінде 2 басшы қатаң тәртіптік жауаптылыққа тартылды.
«Медициналық ұйымдарда құжаттарды ресімдеу, есепке алу, сақтау және беру тәртібіне бақылау күшейтіліп, олардың электронды нұсқаларын өзгерту мүмкіндігі жойылды.
Осылайша, анықталған фактіге қылмыстық-құқықтық баға берумен қатар, прокуратура жалған медициналық құжатты пайдалануға мүмкіндік берген жағдайларды жоюды қамтамасыз етті», делінген хабарламада.