Астанада әскери міндеттілер оқу-жаттығу жиынына шақырылды
Астанада аумақтық қорғаныс бригадасының базасында 102 әскери міндеттінің қатысуымен оқу-жаттығу жиыны басталды. Он күнге жоспарланған дайындық барысында әскери міндеттілер әскери дағдыларын пысықтап, стратегиялық маңызы бар нысандарды күзету бойынша іс-қимылдарды үйренеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Астана қаласының жұмылдыру дайындығы департаменті бастығының бірінші орынбасары міндетін атқарушы, подполковник Мұрат Дүйсенбаевтың айтуынша, жиынға алты офицер, сондай-ақ сарбаздар мен сержанттар қатысып жатыр.

«Жиынға қатысушылар әскери қызмет кезінде алған білімдері мен дағдыларын қайталайды. Бөлімшелер роталар құрамында жасақталып, қатысушылар іс-қимылдарды іс жүзінде пысықтай алады. Сонымен қатар оларға түрлі шабуылға қарсы тұру және ерекше кезеңде тиісті нысандардың қалыпты жұмысын қамтамасыз ету міндеттерін орындауды үйрену қажет», – деді Астана қаласы Қорғаныс істері департаментінің өкілі, отставкадағы подполковник Ғани Артықов.
Оқу-жаттығу барысында әскери міндеттілер казармалық жағдайда болып, белгіленген күн тәртібімен қызметтік даярлықтан өтеді. Олар бөлімшелер құрамында әрекет етуді, нысандарды күзетуді және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді үйренеді. Сонымен қатар қала аумағында өтетін командалық-штабтық оқу-жаттығуларға қатысады.

Аумақтық қорғаныстың негізгі міндеттерінің бірі – стратегиялық маңызы бар және маңызды инфрақұрылым нысандарын қорғау. Мұндай нысандардың қатарында мемлекеттік мекемелер, су қоймалары және басқа да маңызды нысандар болуы мүмкін.
Мұрат Дүйсенбаевтың айтуынша, мұндай оқу-жаттығу жиындары жылына екі рет – көктемде және күзде өткізіледі. Запаста тұрған және аумақтық қорғаныс бригадасына тіркелген әскери міндеттілер кезекті дайындыққа шақырылады.
Әскери міндеттілер мұндай жиындарға шамамен бес жылда бір рет қатысуы мүмкін. Запастағы офицерлер 60 жасқа дейін, ал сержанттар мен сарбаздар 50 жасқа дейін әскери есепте тұрады.
Жиынға қатысушыларға әлеуметтік кепілдіктер де қарастырылған. Атап айтқанда, оқу-жаттығу кезеңінде олардың негізгі жұмыс орнындағы жалақысы сақталады. Сонымен қатар тиісті негіздер болған жағдайда әскери міндеттілерге кезекті әскери атақ берілуі мүмкін.

Бұған дейін Қарағанды қаласындағы «Қарабас» полигонында Ұлттық ұланның «Бүркіт» арнайы мақсаттағы бөлімшелері арасында «Күрең берет – 2026» сынағы өтткенін жаздық.
Екатерина Тыщенко