«Күрең берет – 2026»: 101 үміткер арасынан үздіктер іріктелді

Бүгін, 09:44
Думан Аманжол Думан Аманжол
«Күрең берет – 2026»: 101 үміткер арасынан үздіктер іріктелді
Фото: Ұлттық ұланның баспасөз қызметі

Қарағанды қаласындағы «Қарабас» полигонында Ұлттық ұланның «Бүркіт» арнайы мақсаттағы бөлімшелері арасында «Күрең берет – 2026» сынағы өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ұлттық ұланның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бір аптаға созылған күрделі сынақ барысында еліміздің әр өңірінен келген 101 үміткер бақ сынады.

«Биылғы сынақтың басты жаңалықтарының бірі – кандидаттардың FPV дрондарды басқару бойынша норматив тапсыруы. Бұл – арнайы жасақ жауынгерлері үшін қазіргі заманғы жауынгерлік даярлықтың маңызды бағыттарының бірі», - делінген хабарламада.

Іріктеу сынақтарынан кейін 60 жауынгер негізгі бөлімде 65 шақырымдық жорық жолынан өтіп, дене дайындығы, төзімділік, тактикалық даярлық және қару қолдану бойынша бірқатар нормативтерді орындады.

Сынақ бағдарламасына 5 шақырымға жүгіру, таулы-тасты жерлерде қозғалу, жараланған әскери қызметшіні тасымалдау, тосқауылдарға төтеп беру, газтұмылдырықпен жүгіру, окоп қазу, топографиялық бағдарлау, су бөгетінен өту, атыс жаттығулары және кедергілер алаңынан өту секілді тапсырмалар енгізілді.

Үміткерлер сынақ барысында шартты қарсыластың шабуылына тойтарыс беру, атыс жағдайында әрекет ету және қоян-қолтық ұрыс бойынша да өз шеберліктерін көрсетті. Тапсырмалардың барлығы әскери қызметшілердің физикалық дайындығын ғана емес, олардың психологиялық тұрақтылығы мен шешім қабылдау қабілетін де бағалауға бағытталды.

Ұзақ әрі ауыр жорық кезінде бірқатар үміткер белгіленген талаптарды орындай алмағандықтан, сынақтан шығарылды.

Сынақ қорытындысы бойынша 101 үміткердің 13-і барлық кезеңнен сәтті өтіп, күрең берет кию құқығына ие болды.

Жеңімпаздарға күрең береттерді ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Аңсаған Балтабеков табыстады. Іс-шараға сондай-ақ Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев бастаған өзара іс-қимыл органдарының өкілдері де қатысты.

Еске салсақ, VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының алтыншы жарыс күнінде Қазақстан құрамасы күміс жүлдегер атанды.