Алматыда дәрігерлер жаңа туған нәрестеден 2 келі ісікті алып тастады
Алматыда дәрігерлер жаңа туған нәрестеден салмағы 2 келі болатын алып ісікті алып тастады. Күрделі операция Алматы қаласындағы Балалар шұғыл медициналық көмек көрсету орталығында жасалды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
18 тамызда салмағы 4 келіден асатын қыз бала сегізкөз-құйымшақ тұсындағы үлкен түзіліспен дүниеге келген. Нәресте туғаннан кейін бірнеше сағат ішінде неонаталдық реаниматологтар мен хирургтерден құралған топ оны Балалар шұғыл медициналық көмек көрсету орталығына жеткізді.
Қыз бала жаңа туған нәрестелер реанимациясы бөліміне жатқызылып, күрделі операцияға дайындық басталған. Келесі күні дәрігерлер тератоманы алып тастады.
«Сегізкөз-құйымшақ аймағында орналасқан тератоманың құрамында сүйек, жұмсақ тіндер және кистозды қуыс секілді түрлі тіндер болды. Бұл – тәжірибеміздегі ең күрделі отаның бірі. Ісіктің салмағы 2 келі болды, яғни нәрестенің өз салмағына тең деуге болады. Қыздың туған кездегі салмағы 4 келі еді, демек, салмағының тең жартысы ісік болған», – деді Балалар шұғыл медициналық көмек көрсету орталығы бөлімшесінің меңгерушісі Саматбек Мырзахмет.
Оның айтуынша, операция сәтті өткен. Ісік алынғаннан кейін бірден пластика операциясы жасалып, тігіс орны барынша қалпына келтірілген.
«Қазір баланың жағдайы жақсы, ол үйіне шығуға дайындалып жатыр», – деді дәрігер.

Операция екі сағаттан астам уақытқа созылған. Отаға хирург Саматбек Мырзахмет, ассистент Бегалы Төребек және анестезиолог-реаниматолог Ұлықпан Әлсейітов қатысты. Нәрестенің емдеуші дәрігерлері – Айжан Сексенбаева мен Едгор Сайдакбаров.
Тератома жүктіліктің 20-аптасында анықталған
Туа біткен тератома ана құрсағында қалыптасқан. Ол жүктіліктің 20-аптасында жүргізілген скрининг кезінде анықталған.
Нәрестенің анасы жүктілікті сақтап қалу үшін бірнеше рет дәрігерлер кеңесіне қатысып, Балалар шұғыл медициналық көмек көрсету орталығының хирургтерінен кеңес алған. Жүктілік бойы ана мен баланың жағдайы тұрақты бақылауда болған.
Жүктіліктің 34-аптасында қыз бала кесарь тілігі арқылы дүниеге келген.

«Бұл – төрт ұлдан кейін көптен күткен қызымыз. Жүктіліктің 20-аптасында дәрігерлер сегізкөз-құйымшақ тератомасын анықтады. Сол бойда осы орталыққа кеңес алуға келдік. Жалпы, жүктілігім жақсы өтті.
34-аптада ішім ауырып, перзентханаға бардым. Дәрігерлер бірден кесарь тілігін жасап, балам екеумізді осында жеткізді. Қызымды аман алып қалған осы аурухананың дәрігерлеріне алғысым шексіз. Бала туғаннан кейін оны да, денесіндегі алып ісікті де көрдім. Қызымның еміне атсалысқан барша жанға рақмет», – деді сәбидің анасы.
Тератома деген не?
Сегізкөз-құйымшақ тератомасы – жаңа туған нәрестелерде кездесетін туа біткен ісіктің бірі. Ол ана құрсағында қалыптасып, нәрестемен бірге өсуі мүмкін. Кей жағдайда ауыр асқынуға әкеліп, маңызды ағзалардың қызметін бұзады.
Жыл басынан бері Алматыдағы Балалар шұғыл медициналық көмек көрсету орталығының жаңа туған нәрестелер бөліміне 96 бала жеткізілген. Оның 72-сіне хирургиялық ем қажет болған.
Бұған дейін операция кезінде ми ісігі алғаш рет ЖИ көмегімен алынғанын жазған едік.