Ми ісігі операция кезінде алғаш рет ЖИ көмегімен алынды

Ми ісігі операция кезінде алғаш рет ЖИ көмегімен алынды
Фото: pexels.com

Ұлыбританияда хирургтер ми ісігін алып тастау операциясы кезінде жасанды интеллектті нақты уақыт режимінде алғаш рет қолданды. Жаңа технология дәрігерлерге миға жақын орналасқан маңызды қан тамырлары мен жүйкелерді анықтап, ісіктің мүмкіндігінше көп бөлігін қауіпсіз алып тастауға көмектескен, деп хабарлайды Elordainfo.kz BBC-ге сілтеме жасап.

Операция Лондон университеттік колледжі ауруханасында 48 жастағы Рис Хиббертке жасалды. Оның гипофизінде көлемі 11 миллиметр болатын қатерсіз ісік анықталған. Ісік көру жүйкелеріне қысым түсіріп, науқастың перифериялық көру қабілетінің нашарлауына себеп болған.

Операция кезінде хирургтер эндоскопты мұрын арқылы енгізіп, бас сүйегінің түбіндегі ісікке жеткен. Осы сәтте арнайы жасалған жасанды интеллект жүйесі операция барысын экраннан нақты уақытта талдаған. Ол хирургиялық құралдарды бақылап, қан тамырлары мен жүйкелер орналасуы мүмкін аймақтарды белгілеп, ісікті алуға барынша қауіпсіз учаскелерді көрсетіп отырған.

Зерттеушілер жүйені гипофиз ісігіне жасалған жүздеген операцияның бейнежазбалары арқылы оқытқан. Мамандардың айтуынша, технология хирургке тәжірибелі әріптестің «екінші көзі» секілді қосымша ақпарат бере алады.

Операция сәтті өтіп, дәрігерлер ісіктің барынша көп бөлігін алып тастаған. Хибберттің айтуынша, операциядан кейін оның көру қабілеті жақсарып, бұрын мазалаған әлсіздік пен басқа да белгілер жоғалған.

Жаңа технология әзірге зерттеу кезеңінде. Ғалымдар алғашқы операцияның нәтижесін бағалап, оны кең көлемде сынақтан өткізуді жоспарлап отыр.

Бұдан бұрын Астанада нейрохирургтар үш айлық сәбидің миынан үлкен ісікті алып тастағанын жазған едік.