Астанада OpenAI компаниясының қатысуымен жасанды интеллект хакатоны өтеді

Астанада OpenAI компаниясының қатысуымен жасанды интеллект хакатоны өтеді
Фото: Ұйымдастырушылар

23 қыркүйекте Астанада Қазақстан мен өзге елдерден мыңдаған әзірлеушінің, студенттің, жас маман мен IT-энтузиастың басын қосатын әлемдегі ең ірі AI-хакатонның бірі — HackAlem AI өтеді. Хакатонның ресми серіктесі — OpenAI, деп хабарлайды Elordainfo.kz ұйымдастырушыларға сілтеме жасап. 

HackAlem AI қатысушылары жеке AI-шешімдерін әзірлеп, іске қосу үшін жалпы құны 1 миллион долларға дейінгі OpenAI технологиялық ресурсын пайдаланады. Жеңімпаздарға қосымша 100 мың доллар көлеміндегі OpenAI API-токені табысталады, ал хакатонның жалпы ақшалай жүлде қоры 100 мың доллар. Осылайша, HackAlem AI жүлделері мен технологиялық ресурстарының жалпы құны 1,1 миллион долларға жетеді. Жеңімпаздарды марапаттау рәсімі AI & Digital Bridge 2026 халықаралық технологиялық форумының төрінде өтеді. Қатысуға өтінімді hackalem.ai сайты арқылы беруге болады.

«Қазақстанда HackAlem AI хакатонын өткізу – еліміздің AI-экожүйесін дамыту жолындағы маңызды қадам. Біз Қазақстан мен өзге елдердің әзірлеушілеріне озық технологияларды игеріп, жаңа шешімдер әзірлеуге және оларды әлемдік нарыққа шығаруға толық жағдай жасап отырмыз. Басты мақсатымыз – Қазақстанды дарынды мамандар, технологиялар мен AI-инновациялар тоғысатын орталыққа айналдыру», – деді Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев.

HackAlem AI – қатысушылар қысқа мерзім ішінде идеядан бастап, нақты жұмыс істейтін AI-шешімдерді әзірлеп шығара алатын алаңға айналмақ. Командалар бизнес, мемлекет және экономиканың түрлі саласындағы өзекті мәселелерді шешуге бағытталған технологиялық өнімдер жасайды.

«Silkroad Innovation Hub үшін HackAlem AI аясында OpenAI-мен технологиялық серіктестік орнату – Қазақстан мен Орталық Еуразияның дарынды жастарына жаһандық AI-құралдарын қолжетімді ету жолындағы маңызды қадам. Мықты экожүйе әзірлеушілер, стартаптар мен технологиялық командалардың тек тамаша идеясы болғанда ғана емес, сондай-ақ оларға озық құралдар, сарапшылық қолдау және нақты міндеттер қолжетімді болғанда ғана қалыптасатынына сенеміз», – деп атап өтті Silkroad Innovation Hub негізін қалаушы әрі CEO-сы Әсет Әбдуәлиев.

Хакатонға кәмелетке толған әзірлеушілер, студенттер, жас мамандар мен IT-энтузиастар қатыса алады. Қатысушылардың IT және технология саласында білімі немесе жұмыс тәжірибесі болуы шарт.  Қатысушыларға HackAlem AI фирмалық мерчі мен атаулы сертификаттар табысталады. 

HackAlem AI хакатонының ұйымдастырушылары мен серіктестері: ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі, Astana Hub халықаралық инновациялық кластері, Silkroad Innovation Hub, AI & Digital Bridge, Blockchain & AI Technology Center және OpenAI.