Астанада мобильді аппараттық кешендер тыйым салынған жерге қойылған көліктерді анықтайды
Астанада қызметтік автомобильдерге орнатылған мобильді аппараттық-бағдарламалық кешендер арқылы көше-жол желісіне тұрақты мониторинг жүргізеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz қалалық Жол қозғалысын ұйымдастыру орталығына сілтеме жасап.
Кешен орнатылған автомобиль қалада жүріп 3.27 «Тоқтауға тыйым салынады» және 3.28 «Тұруға тыйым салынады» жол белгісі әрекет ететін аймақтардағы көліктің тоқтау мен тұру қағидасының бұзылуын тіркейді.
«Көліктің тоқтау мен тұру қағидасын бұзу жол қозғалысы мен жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігіне тікелей қатер төндіреді. Тыйым салынған жерге қойылған көлік жаяу жүргіншілер өткелінде жолдың көрінуін қиындатып, адамдар көшенің жүріс бөлігіне шығуға мәжбүр болады әрі басқа қозғалысқа кедергі келтіреді. Сонымен қатар мұндай көліктер жедел жәрдем, өрт сөндіру және полиция сияқты жедел қызметтердің өтуін қиындатады. Ал олардың жылдамдығы көбіне адам өмірін құтқаруға тікелей байланысты», делінген хабарламада.

Аталған мәселе оқу жылының басталуына байланысты ерекше өзекті болып отыр. Мектеп пен балабақша маңында және іргелес көшелерде бала-жаяу жүргінші саны артады, сондықтан оқу орындарына қауіпсіз әрі еркін жол мен өткелдердегі ашық көрініс аса маңызды.

Орталық жүргізушілерден Жол жүрісі қағидаларын қатаң сақтауды, көлігін тыйым салынған белгі аймағында және жаяу жүргіншілер өткелінде қалдырмауды, тек рұқсат етілген жерге қоюды сұрайды.