110 млн теңге табыс: Алматыда заңсыз интернет казино ұйымдастырғандар ұсталды
Алматыда заңсыз интернет казинолардың жұмысын қамтамасыз еткен топтың заңсыз әрекетіне тосқауыл қойылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап.
Тергеу дерегінше, күдіктілер «Olymp Casino», «Rukh Poker» және «7Kcasino» интернет-казиноларының төлем жүйесін ұйымдастырған. Оның ішінде «Rocket.do» онлайн-платформасы арқылы ойыншылардан ақша қабылдау және оны өңдеу жолға қойылған.
«Бұл іске қатысушылардың бірі — шетел азаматы. Ол 200 АҚШ долларына дейін сыйақы алып, өз банк шотын пайдалануға беруге келісетін адамдарды іздеген. Тапқан дропперлерді Қазақстанға әкеліп, ЖСН рәсімдету үшін ХҚКО-ға ертіп барған. Одан кейін банк бөлімшесіне апарып, шот аштырған», делінген хабарламада.
Соның нәтижесінде күдікті 15 шетел азаматының банк шотына қол жеткізген, сондай-ақ өз шотын да пайдалануға берген. Ойыншылардан 16 дроппердің шотына түскен қаражаттың жалпы көлемі 110 млн теңгеден асты.
Күдіктілердің бірі қамауға алынды, тағы үшеуіне ешқайда кетпеу туралы қолхат түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.
Қылмыстық іс сотқа жолданды.
Еске сала кетсек, қаржы айналымы 7,5 млрд теңгеден асқан онлайн казино жабылды.