Қаржы айналымы 7,5 млрд теңгеден асқан онлайн-казино жабылды
«Nomad Poker» атты онлайн-казиноның заңсыз қызметі тоқтатылды деп хабарлайды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап.
Агенттіктің СҚО-дағы департаменті жүргізген тергеу барысында «Club GG Poker» мобильді платформасында құрылған «Nomad Poker» онлайн-казиносының қызметін Қазақстан азаматтары Грузия аумағынан жүргізіп отырғаны анықталды.
Мұндай схема ұйымдастырушылардың жеке басын жасыруға, қаржы ағынын бақылауды қиындатуға және заңсыз қызметті жүргізу үшін шетел азаматтарының атына рәсімделген банк шоты мен байланыс құралын пайдалануға мүмкіндік берген.
Заңсыз ойын платформасы тәулік бойы жұмыс істеп, қатысушыларға онлайн покер форматында ақша тігіп, ұтысты қолма-қол ақшаға айналдыру мүмкіндігін ұсынған.
Жаңа қатысушыларды тарту мақсатында ұйымдастырушылар әлеуметтік желіні, мессенджерді және жарнама құралын пайдаланған. Нәтижесінде онлайн-казиноға 20 мыңнан астам пайдаланушы қосылған.
Сонымен қатар ұйымдастырушылар «дропперлердің» шотын пайдаланудың тармақталған жүйесін құрған. Осы мақсатта күдіктілер ұйымдасқан түрде Қазақстанға шетел азаматтарының келуін қамтамасыз етіп, олардың атына 400 долларға дейінгі сыйақы үшін банк картасы мен мобильді банкинг рәсімдеген.
Тергеу барысында онлайн-казино қызметін қамтамасыз ету үшін 60-тан астам дроп-шот пайдаланылғаны анықталды. Ойыншылардан түскен қаражат көлемі 7,5 млрд теңгеден асты.
Сот санкциясымен Алматы қаласындағы пәтерге, үш автокөлікке, сондай-ақ дропперлердің банк шотындағы 158 млн теңгеге тыйым салынды.